Ішкі нарықтағы ет тапшылығы алаңдатып отыр

dep.jpg

Үкімет ет өнімдерін экспорттауға жол ашқаннан кейін ел ішінде баға шарықтап, ет тапшылығы туындады. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясының депутаттары Мәжілісте көтерді.

Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жауапты мемлекеттік органдар экспорт салдарынан ішкі нарықта тапшылық болмауы үшін алдын ала шара қабылдамаған. Сонымен қатар жанар-жағармай бағасының қымбаттауы мен ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектердің қымбаттығы да ескерілмеген.

– Ет экспорттауда Үкімет қарапайым есеп жүргізбеген! Экспортқа кеткен мал басын ішкі нарықта қалпына келтіру үшін кемінде үш жыл қажет, – деді депутат.

Салдарынан нарықтағы тапшылық еттің бағасын шарықтатты. Қазір сиыр еті жылқы етінен әлдеқайда қымбат.

– Өкінішке қарай, Үкімет ет экспортын бастамас бұрын нарықты дайындаған жоқ. Соның салдарынан қарапайым халық зардап шегіп отыр, – деді депутат.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен сапаны арттыру» ережелері негізінен ірі агрохолдингтердің мүддесіне жұмыс істейді. Жем-шөпті субсидиялау ісінде де дәл осындай жағдай қалыптасқан.

– «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2024 жылы бөлінген қаржының негізгі бөлігі қайта өңдеуге бағытталған. Алайда жоғарыда айтылған себептерге байланысты өңдейтін өнімнің өзі жоқ, – деді Магеррамов.

Депутаттың пікірінше, мал союға арналған алаңдардың жетіспеушілігі және шағын фермерлердің жұмысына кедергі келтіретін тосқауылдар да күрделі мәселеге айналып отыр. Сондықтан Үкімет экспортталған мал басын қалпына келтіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барынша қолайлы жағдай жасауы қажет.

ҚХП фракциясы сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға шағын және орта шаруашылықтарды қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар мен өңірлік жол карталарын әзірлеу қажет деп есептейді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасының қаражатын мал шаруашылығын дамыту мен мал сою алаңдарын салуға бағыттау ұсынылуда. Сонымен қатар Үкіметке сиыр еті бағасын тұрақтандыру шараларын қабылдау қажеттігі айтылды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy