Ет және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі өзекті болып тұр

Мәжілісте етті мал шаруашылығын қолдау, мал басын көбейту және ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет ұйымдастырды. Жиынға депутаттар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сарапшылар және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саладағы қазіргі жағдай мен мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Оның дерегінше, елдегі ірі қара мал саны 2,4 пайызға, ал ұсақ мал басы 1,6 пайызға артты. Сүт өндірісінің көлемі шамамен 3,8 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсті. Ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетті.

– Көрсеткіштердің шамалы ғана өсуі ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсарту және заманауи технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру қажет екенін көрсетеді, – деп атап өтті вице-министр. – Осыған байланысты өндіріс көлемін ұлғайту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді.

1

Қазақстан Мал өсірушілер одағының басшысы Даурен Салықовтың айтуынша, қазақстандық фермерлерге өндіріс көлемін арттыруға жеңілдетілген қаржыландыру рәсімінің шамадан тыс бюрократияландырылуы, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімсіздігі, сондай-ақ ет пен тірі мал экспортындағы шектеу кедергі келтіріп отыр.

– Қолжетімді қаржыландыру – бұл субсидия үшін субсидия емес, салаға жаңа қатысушыларды тарту және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды кеңейту құралы, – деп атап өтті Д.Салықов. – Ал ветеринариялық қауіпсіздік тек эпизоотиялық тұрақтылық мәселесі ғана емес, сонымен қатар экспортты дамыту мен инвестиция тартудың негізгі шарты болып табылады.

2

Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің өкілі Ислам Сұңқар да мал шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді деп есептейді. Оның ойынша, қолдау тек ірі емес, сонымен қатар ұсақ шаруа және фермерлік қожалықтарға да көрсетілуі тиіс. Бұл үшін жеңілдетілген несиелеу, квазимемлекеттік құрылымдар арқылы кредит беру, сонымен қатар «Даму» қорының кепілдіктері сынды қаржыландыру тетіктері және өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың белсенді әрекеті қажет.

– Қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Жол картасының әзірленген жобасы бар, – деп еске салды мәжілісмен. – Мал шаруашылығын сапалық тұрғыдан мүлде жаңа деңгейге шығару қажет.

3

Қазақстан үшін шетел нарығы қолжетімді. Бір жағынан, бұл фермерлер үшін тиімді — өнімді экспорттауға мүмкіндік бар. Ал тұтынушылар үшін, тәжірибе көрсеткендей, онша жақсы емес — елдің ішкі нарығындағы баға айтарлықтай өсті.

– Бізге тепе-теңдікті сақтау қажет, – деп атап өтті И.Сұңқар. – Яғни, өз халқымызды ет тұтынудың қажетті көлемімен қамтамасыз етіп, сонымен қатар экспорттық нарықты дамытуға жағдай жасау керек.

Ет өнімдерінің қауіпсіздігі, ветеринария саласындағы кадр тапшылығы және басқа да мәселелер күні бүгінге дейін өзекті болып тұр. Бұл мәселені шешпей, мал шаруашылығы саласын сапалы әрі жаңа деңгейге көтеру туралы сөз қозғау қисынсыз.

– Дөңгелек үстел барысында Комитет сарапшылардың, фермерлердің және нарықтың басқа да қатысушыларының түрлі ұсыныстарын тыңдады, – деп қорытындылады ҚХП депутаты. – Біз бұл ұсыныстарды жүйелеп, жинақтап, бекітіп, жоба түрінде Үкіметке жолдаймыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy