Мызғымас достық

Куба Республикасының елшілігінде Испанияға қарсы азаттық күресінің көшбасшысы, кубалық ақын Хосе Мартидің туғанына 172 жыл толуына және Куба революциясы жеңісінің 66 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Кеш қонақтарының қатарында Қазақстан Халық партиясы жанындағы «Жас орта» жастар қанатының өкілдері де болды.

Шараның модераторы Куба Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Оскар Сантана Леон жиналғандарға Бостандық аралының тарихы жөнінде қысқаша баяндап берді. Ол бұл революцияның Кубаның тәуелсіздік алуы жолында маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Ал Фидель Кастроның тұлға ретінде қалыптасуына өз елін испан езгісінен азат етуде аянбай күрескен Хосе Мартидің өмірбаяны мен шығармашылығы елеулі әсер еткен екен.

1

«Дәл осы идеялар күні бүгінге дейін Куба халқына барлық қиындықты жеңуге күш беріп келеді», - деп атап өтті Елші.

Кеш қонақтары мерекеге орай Куба өткен шерудің түсірілімін қызығушылықпен тамашалады. Мерекелік шеруге халықпен бірге армия генералы Рауль Кастро, Куба Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы, Республика Президенті Мигель Диас-Канель және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Содан соң кешке жиналғандар Кубадағы қазіргі өзекті мәселелерді, атап айтқанда Америка құрама штаттары жүргізіп отырған заңсыз экономикалық блокада саясатын талқылады. Оскар Сантана Леон кубалықтарға қолдау көрсетіп, санкциялардың жойылуын талап еткен Бостандық аралының достарына алғыс білдірді.

«Осы шараның арқасында қазақстандық жастар Куба Республикасының өмірі мен тарихын тереңірек білу мүмкіндігіне ие болды», - деді кездесу қорытындысы бойынша ҚХП жастар қанаты басшысының орынбасары Әділ Құдайбергенов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy