Мәжіліс депутаттары «Эйр Астана» әуе компаниясы мен оның еншілес компаниясы, лоукостер «FlyArystan» әуе компаниясының жұмысын сынға алды. Депутаттар Үкімет сағатына қатысқан компанияның бас директоры Питер Фостерге әуе қатынасының сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.
Қазақстандық авиакомпанияға қатысты әуе билеттерінің қымбаттауы, рейстерді алдын ала ескертусіз тоқтату, билеттерді заңсыз артық брондау және жолаушылардың құқығын бұзу сияқты шағымдар тізімін шексіз жалғастыра беруге болады. Алайда толықтай қазақстандық деуге болмас. Депутат Бақытжан Базарбек айтқандай, «Эйр Астана» шын мәнінде ирландиялық компания. Барлық ұшақтар сонда тіркелген, форс-мажор кезінде олар сол жерде қалады. Егер ол лайықты қызмет көрсете алмаса, Қазақстан ирландиялық жеке меншік иесіне бюджет ақшасын неге жұмсап жатыр деген сұраққа әлі жауап жоқ.
Депутат Еділ Жаңбыршин да әуе компаниясының қазақстандық жолаушыларға деген немқұрайлы әрекетіне ашуланды.
– Air Astana аспанның «Құдайы» болып алған. Фостер мырза, сіз шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл - Парламент, осы жерде отырғандары бәрі - халық сайлаған, халықтың өкілдері, - деп ашынды депутат.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова да әуе компаниясының жұмысына тоқталды.
«Шынымен, компанияның құқық бұзушылықтарына ешқандай шара қолданылмайтыны сұмдық жағдай. Еш ескертусіз ұшақтары кешігіп немесе ұшу уақытын бірнеше рет кейінгі қалдыра береді. Билет бағасы тіпті аспандап тұр, мүлде арзан авиакомпания деуге болмайды. Рейс тоқтатылған жағдайда билетті қайтарудың орнына ваучер беріп құтылады.
Жолаушыларға айыппұл төлеу деген атымен жоқ, рейстің кешіктірілгені үшін де төлем қарастырылмаған. Ең сорақысы, әуе компаниялары мемлекет бюджетінен субсидиялап отырғанның өзінде жағдай осындай!», - деп атап өтті Смирнова.
Бұған дейін Ирина Смирнова «Air Astana» әуе компаниясының үстінен сотқа шағым түсірген болатын. Депутат жолаушыларға ескертпестен рейсті бірнеше сағатқа кейінге шегергені үшін моральдық өтемақы талап етті. Алайда сот депутаттың талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.