Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) ықпалын кеңейтуде. ҚР Парламенті Мәжілісі «Еуропа Қайта Құру және даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» заңын қабылдады.
Құэатты әзірлеуші, ҚР Қаржы министрлігінің айтуынша, енгізіліп жатқан өзгерістер ашық, нарықтық экономикаға көшуді одан әрі ынталандыруға, сондай-ақ Банкке мүше елдерде жеке және кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға бағытталған.
«Келісімді ратификациялау еліміз үшін теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеліп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.
Қазақстан Халық партиясының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің өкілі Ирина Смирнова ЕҚДБ неліктен осы елдерге өз қызметінің географиялық ауқымын кеңейткісі келетінін түсіндіруді сұрады.
– Айтыңызшы, Банк қатысушыларының көбеюі оның Қазақстандағы қызметіне әсер ете ме? – деп сұрады ол.
Министр бұл өзгерістердің банктің Қазақстандағы қызметіне кері әсері болмайтынын айтты. Оның үстіне ЕҚДБ географиясын үнемі кеңейтіп отырады: 2006 жылы Моңғолия қосылды, ал 2012 жылдан бастап Жерорта теңізі елдері енген болатын.
«Африка – біз үшін тез дамып келе жатқан аймақ. Бұл бізге ең алдымен дамудың үлкен экономикалық болашағын береді және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашылады. Мұндай кеңею, керісінше, Банктің мүмкіндігін төмендетпейді, оның көлемі мен капиталын арттырады», - деді Тәкиев.