Мәжіліс орыс тілі ұйымын құру туралы келісімді қолдады

dep.jpg

Мәжіліс депутаттары «орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы» келісімді қолдап дауыс берді. Құжатқа 2023 жылы Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ұйымның мақсаты – орыс тілін халықаралық үкіметаралық ұйымдар мен құрылымдардың ресми немесе жұмыс тілі ретінде, сондай-ақ халықаралық қатынас тілі ретінде дамыту. Министр бұл тілдің БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі ретінде тіркелгенін және ТМД, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және ЕАЭО іс-шараларында кеңінен қолданылатынын атап өтті. Келісімді Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан ратификациялаған. Алдағы уақытта бұл тізім ұлғаюы мүмкін.

– Келісімде бұл құжат өз міндеттемелерін қабылдауға дайын басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық екені көрсетілген, - деді ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.

Мәжілісмен министрден қосылу тетігі туралы толығырақ айтып беруді, сондай-ақ келісімге мұндай норманың неліктен енгізілгенін түсіндіріп беруді сұрады.**

«Бұл ұйым ашық мүшелік қағидаттары негізінде құрылады, бұл қалыпты халықаралық тәжірибе», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбек жаңа мемлекеттердің келісімге қосылуы туралы шешімді Халықаралық орыс тілі ұйымының жоғарғы органы – министрлер конференциясы алқалы түрде қабылдайтынын айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy