Мәжіліс Су кодексінің жобасын мақұлдады

dep.jpg

Мәжіліс «Су кодексінің» жобасын және су ресурстарын қорғау мен пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген.

Жаңа кодекс еліміздің су әлеуетін қорғау және су ресурстарын ұтымды пайдалануға негізделген. Су объектілерінің сарқылуын болдырмау үшін өзен, көл және теңіз экологиялық жүйесін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын су көлемі саналатын «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл ретте суды пайдалану лимиттерін анықтау механизмі қайта қаралды, ол экологиялық шығынды анықтағаннан кейін қалған су көлемі шегінде есептелетін болады.

«Сонымен қатар еліміздің су ресурсын толықтыру және сақтау үшін балама су көздері жинақталып, пайдаланылады, оның ішінде еріген, тасқын және тазартылған сарқынды сулар. Заң жүзінде су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ең төменгі өлшемдері де белгіленген», - деп атап өтті заңды құрастырушылар.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, Су кодексінің қабылдануы басқалармен қатар агроөнеркәсіп кешенінің дамуына да оң әсер етеді. Осылайша, суармалы су мәселесі шешімін таппақ. Депутат Масанчи ауылына жұмыс сапарымен барғанда жергілікті тұрғындар су мәселесін айтып, кеңестік дәуірден қалған ескі су қоймаларын тазарту арқылы мәселені шешуді ұсынған болатын. Алайда, бұл үшін бөлек рұқсат қажет болды және нәтижесінде ауыл тұрғындары бюрократиялық кедергіге тап болды. Сондықтан олар депутаттан көмек сұраған еді.

«Бұл заң жобасы мемлекеттік органдарға жүгінуге жол ашады. Заң сапалы жазылды, халықтың мүддесі үшін жазылды. Енді мәселенің шешілуіне ықпал етіп, ауыл тұрғындарының үні естіледі деп сенемін», - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy