
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы ұйымдастырған «Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі: өсім экономикасы және цифрлық трансформация» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтар мен отандық өнім өндірушілерге жасалған қысым мәселесі де көтерілді.
Отырыста сөз алған «Атамекен» ҰКП жанындағы Өңдеуші өнеркәсіп комитетінің төрағасы, Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының бас директоры Қанат Ыбраев мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі әділетсіздік пен импортқа тәуелділік отандық жиһаз өндірісіне кері әсер етіп отырғанын ашық айтты.
– Бұрын кеңселерде украин креслолары тұрса, қазір қытай креслолары қойылған. Міне, 25 жылда жеткен «жетістігіміз». Мен кәсіби жиһаз маманы ретінде бұл жағдайды жақсы білемін, - деді ол мысқылмен.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов мемлекеттік сатып алу кезінде отандық өнімге басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында және басқа да мемлекеттік инвестициялық жобаларда қазақстандық құрылыс материалдары мен жабдықтарды қолдану талабы енгізілген.
– Сонымен қатар, отандық өнімдердің нақты пайдаланылуын қадағалау үшін техникалық қадағалау жүйесі іске қосылды, – деді вице-министр.
Алайда салалық қауымдастық өкілдері бұл мәлімдемелерге сенімсіздікпен қарады. Қанат Ыбраевтың айтуынша, қағаз жүзіндегі талаптар шынайы орындалмай отыр. Мемлекеттік сатып алуға шетелден келген, техникалық талаптарға сай келмейтін өнімдер еш кедергісіз қатысып жүр.
– Бізге бизнес өкілдерінен жалған сәйкестік сертификаттарымен шетелден өнім кіргізіліп жатқаны туралы шағымдар жиі келеді. Бұл адал кәсіпкерлерді шетке ысырып, нарықта әділетсіз бәсекелестік туғызып отыр, – деді ол.
Ыбраев техникалық реттеу комитетінде контрафактіге қарсы күрес құралдары бар екенін, алайда оларды іске асыруда жүйелі проблема барын айтты.
– Мемлекеттік бақылау кезінде кейбір әділетсіз импорттаушылардың өкілдері инспекторларды нысандарға кіргізбей қояды. Ал инспекторлар оларды тек қызметтік міндеттерге кедергі келтіргені үшін ғана жауапқа тартады. Негізгі заңбұзушылық – техникалық регламенттердің сақталмауы – ескерусіз қалады, – деді кәсіпкер.
«Жайлы мектеп» жобасын мысалға келтірген жиһаз қауымдастығының төрағасы жобада тек қазақстандық жиһаз қолданылады деген талап барын, бірақ іс жүзінде Қытайдан келетін мектеп жиһазының көлемі едәуір артқанын айтты.
– Өз көзіммен көрдім: бастауыш сыныптарда тұрған ақ жиһаз – ЕАЭО аумағында қолдануға тыйым салынған. Өйткені ол балалардың көру қабілетіне кері әсер етеді. Және бұл жиһаздың отандық емес екені көзге ұрып тұр, – деді Ыбраев.
Мұндай жағдай жиһаз өндірісінде ғана емес, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс сияқты басқа да салаларда жиі кездеседі. Мәселен, мектеп формасы нарығы түгелдей дерлік импорттаушылардың иелігінде екені айтылды.
– Бұл ретте мектеп формасын отандық өндірушілерден алуды міндеттейтін нақты тетік керек, – деп түйді салалық қауымдастық басшысы.
Кездесудің модерторы Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов та бұл жағдайға бейжай қарамады.
– Жалғыз ғана орындықтың мысалы – бүкіл жетістігіміздің шынайы көрінісі. Осыдан-ақ бәрін түсінуге болады, – деді ол.
@halyk_partiyasy