Циндао қаласында «Қытай – Орталық Азия» саяси партиялар диалогының II отырысы өтті. Онда Орталық Азия елдерінен келген 20-дан астам саяси партияның сарапшылары, дипломаттар және жетекшілері қатысты. Қазақстан Халық партиясының атынан форумға партияның бірінші орынбасары Мирас Әукенов барды.
Шара Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетінің халықаралық бөлімі тарапынан ұйымдастырылып, партиялық құрылым тәжірибесімен алмасу, саяси партиялардың жаңғырту процесіндегі рөлін талқылау және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Отырыстарда өңір үшін ең өзекті тақырыптар көтерілді: кедейлікпен күрес, экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері, экология проблемалары және тағы басқалары.

Дискуссияға дейін кең көлемді мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. 30 қазан мен 3 қараша аралығында шетелдік делегациялар Пекин, Шаньдун провинциясындағы Цюйфу мен Циндао қалаларын аралады. Цюйфу – Қытайдың ежелгі ойшылы Конфуцийдің туған жері. Қонақтарға Конфуций ғибадатханасына, Конфуций үйіне және «Нишань шэнцзин» мәдени паркіне экскурсия ұйымдастырылып, философтың өмірбаянымен және ілімдерімен танысу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, сапар барысында қытай тарабы делегаттарды алдыңғы айда өткен ҚК КПК 20-шы шақырылымының IV пленумымен және елдің 15-ші бесжылдық даму жоспарын әзірлеу жұмысы туралы ақпаратпен таныстырды.

Кедейлікпен күрес – барлық саяси партия өкілдерін қызықтырған негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұл ретте Қытай тәжірибесі ерекше маңызды. Қытай Халық Республикасының кедейлікті азайту орталығының басшысының орынбасары Цзяо Дянь азаматтардың өмір сүру деңгейін біршама жақсартқан әлеуметтік әдістерді егжей-тегжейлі баяндады.

Экологиялық мәселелерді талқылау кезінде қатысушылар Лицуньхэ өзені жағасында жұмыс кеңесін өткізді. Сол жерде су ресурстарын басқару, құрғақ аймақтардағы өзекті мәселелер, қазіргі экологиялық сын-қатерлер және трансшекаралық өзендер тақырыбы қаралды. Жасыл экономиканы дамыту да делегаттардың ерекше қызығушылығын туғызды. Қытаймен экологиялық басқару саласындағы ынтымақтастық жоғары бағаланды; ҚХР-дың шөлейттену мен экологиялық баланс қалпына келтіруге бағытталған әрекеттері көрші елдерге үлгі болатыны атап өтілді.
Қазақстан Халық партиясының бірінші орынбасары Мирас Әукенов «Саяси партия +» алаңында «Жоғары сапалы дамуды ілгерілету жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол қазіргі саясаттағы партиялардың рөлін атап өтіп, Президент Қ.Ж. Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан бірпалаталы Парламентке өту реформасын таныстырды.

– Бұл реформаның мақсаты – азаматтардың мүдделерін білдіре алатын, мазмұнды саяси диалог жүргізе алатын кәсіби Парламент құру. Жаңартылған Парламенттегі көппартиялық жүйе саяси мәдениетті дамытуға және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді, - деді ол.
ҚХП бұрын да бірпалаталы Парламент құруды қолдаған – бұл тіпті партияның сайлауалды бағдарламасына да енген. Сонымен қатар, ҚХП өкілдері Азия құрлығының интеграциялық орталығы бола алатын халықаралық құрылым құруды ұсынған.
– Бұл Еуропалық Одаққа ұқсамаса да, алаң өзара сенімге, тәжірибе алмасуға және партияаралық ынтымақтастыққа негізделеді, – деп нақтылады ҚХП бірінші орынбасары.
Әукенов сонымен қатар халықаралық алаңдардағы партияаралық ынтымақтастықты белсенді дамытқан Қытай Коммунистік партиясына алғыс айтты. Ол Қытайды өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі, қауіпсіздік пен сапалы дамуға бағытталған саясат иесі деп атап өтті.
– Қытайға сапар барысында мен «үйлесімді өмір сүру» принципі қытай менталитетінің негізгі ұстанымдарының бірі екенін көрдім. Бұл қағидаға сүйенсек, Орталық Азияда тұрақты бейбітшілік пен өркендеу тек өзара құрмет, ынтымақтастық пен серіктестік арқылы жүзеге асады, - деді Әукенов.
ҚХП бірінші орынбасарының пікірінше, саяси партиялар гуманитарлық және мәдени бастамалардан бастап, бірлескен инвестициялық және технологиялық жобаларға дейінгі әртүрлі байланыстарды нығайтуда шешуші рөл атқара алады.
– Қазақстан Халық партиясы көрші елдермен достық, бейбітшілік пен дипломатиялық диалогты тұрақты түрде қолдайды. Біз Үлкен Еуразия және көпполярлы әлем идеяларын қолдаймыз, онда барлық мемлекеттің мүддесі олардың әлеуетіне қарамастан ескеріледі. Алдымен «Үлкен Азия» моделінен бастауға болады – мұнда елдер мәселелерді тең дәрежеде шешіп, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап береді, - деп қорытындылады Әукенов.
@halyk_partiyasy