Бостандық жолындағы күрес ешқашан ұмытылмайды

dep.jpeg

Бостандық аралы – Куба биыл Ұлттық көтеріліс күніне 72 жыл толуын атап өтуде. 1953 жылғы 26 шілдеде Сантьяго-де-Куба қаласындағы Монкада казармасын шабуылдау арқылы елді диктаторлық режимнен азат етуді көздеген кубалық революционерлер, халық көсемі Фидель Кастроның бастауымен, тарихи күресті бастаған болатын.

Осы маңызды күнге орай Қазақстандағы Куба Республикасының Елшілігінде салтанатты кеш өтті. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Жоғары мәртебелі Оскар Сантана Леон өз сөзінде бұл ерлікке толы көтерілістің басты мақсаты – әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келген Фульхенсио Батистаның диктатурасын құлату болғанын атап өтті.

– Монкада казармасына жасалған шабуыл сәтсіздікке ұшырағанымен, бұл оқиға Кубаның тәуелсіздік жолындағы алғашқы және шешуші қадамына айналды. Бұл – «Тәуелсіздіктің Апостолы» Хосе Марти аманаттаған арман болатын. Бұл тарихи оқиғалар 1959 жылдың қаңтарында Куба революциясының түпкілікті жеңісіне жол ашты. Елде бостандық, әділеттілік пен ұлттық бірлік идеяларын қайта түлеткен жаңа рух қалыптасты, – деді Елші.

Елші қазіргі таңда Куба әлемдегі ең ұзаққа созылған экономикалық блокада жағдайында өмір сүріп жатқанын айтты. Соған қарамастан, кубалықтар берілмейді.

– Біз өз жолымыздан таймаймыз. Біздің артымызда – әлемнің түкпір-түкпірінен қолдау білдіріп отырған адал достарымыз бар, – деді Оскар Сантана Леон.

Қазақстан Халық партиясы Куба Елшілігімен көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Партия өкілдері мерекелік кеш барысында кубалық достарына арнаған жылы лебіздерін жолдады. Құттықтау сөзді испан тілінде партияның ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Айгерім Көпішева жеткізді.

– Кубадағы Ұлттық көтеріліс күні – еркіндік пен әділет үшін күрестің символы. Бұл күн бізге табандылықтың, бірліктің және өз ұстанымына адал болудың маңызын еске салады. Мереке құтты болсын! – деді Айгерім Көпішева.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy