Қазақстанда 15 мың адам рақымшылыққа ілінеді

dep.jpg

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Бұл заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес әзірлеген.

Заң жобасына сәйкес, барлығы шамамен 15 мың адам рақымшылыққа ілінеді, ал 2100-ден астам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады.

– Бұл – қателік жасап, кейін өкініп, түзелуге бет бұрған адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілген кезекті ізгілік актісі, – деп атап өтті заң жобасын әзірлеушілер.

Құжатта азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату ұсынылған. Алдын ала есеп бойынша, рақымшылықпен 6 мың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған және 9 мың пробация қызметінде есепте тұрған адам қамтылады. Оның ішінде 632 адам түрмеден босатылып, 3,5 мың пробация қызметінің есебіндегі тұлғаларға бостандық беріледі. Ал 11 мың сотталушының жаза мерзімі қысқартылады.

Рақымшылыққа әлеуметтік осал санаттағы 629 адам ілінеді. Олардың ішінде 57 адам толық бостандыққа шықса, 572 адамға қатысты жаза мерзімі қысқартылады. Осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаты, ҚР Президентінің жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Халық партиясының өкілі Кенжеғұл Сейтжан арнайы сұрақ қойды. Ол 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар қанша адам рақымшылыққа ілінетінін және оларға бостандықта қандай көмек көрсетілетінін нақтылауды сұрады.

– Мұндай азаматтарды арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына орналастыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Осы орталықтар амнистияға ілінетін азаматтарды қабылдауға дайын ба? Оған қосымша қаржы қажет емес пе? – деді депутат.

Ішкі істер министрлігінің өкілі рақымшылыққа мүгедектігі бар 32 адам ілінетінін айтты. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 600-ге жуық мекеме бар екенін, олар қазіргі таңда 90 мың адамды қамтып отырғанын мәлімдеді. Ведомство бұл мекемелер рақымшылыққа ілінген азаматтарға ешқандай қосымша қаражатсыз қызмет көрсете алады деп сендірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy