Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясының кибералаяқтыққа қарсы тұру мақсатындағы онлайн-несие беруге тыйым салу туралы бастамасын талқылап жатыр.
Журналистер алдында сөз сөйлеген ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мұндай ұсыныстар жан-жақты талқылауды қажет ететінін жеткізді.
«Менің ойымша, қазір біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, бұл мәселе мұқият талдап, пысықтауды қажет етеді. Себебі, барлық қаржы институты өз өнімдерін толығымен цифрлық форматқа көшіруде. Ал онлайн-несие беруді толығымен жою жаңа қаржы өнімдерінің дамуын баяулатуы мүмкін», - деп түсіндірді ол.
Бұл ретте ҚНРДА неғұрлым «жұмсақ» шараларды қолданған жөн деп санайды. Сәйкесінше, онлайн-несие бойынша алаяқтықты азайту үшін «салқындату» кезеңін енгізген дұырс екенін жеткізді. Яғни, несиені рәсімдеу кезінде қосымша қатаң тексерулер енгізіп, кредитті бірден бермеуді ұсынды.
«Біз ойымызша, бұл – ең тиімді норма», - деп атап өтті Олжас Қизатов.
Бұған дейін ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов кибералаяқтыққа қарсы күрес мәселесін бірнеше рет көтерді. Сондай-ақ, фракция депутаттары екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына алаяқтық олардың инфрақұрылымы арқылы жасалған жағдайда зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу түрінде жауапкершілік жүктеуді ұсынды. Сонымен қатар, мәжілісмендердің айтуынша, онлайн-несие беруге толық тыйым салу және азаматтардың несие берумен келіспеушілік презумпциясын енгізу олардың құқығын қорғап, кибералаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.
«Бүгінде бізде келісім принципі бар, яғни Қазақстанның барлық азаматы автоматты түрде несие алуға келіседі. Егер азаматтардың барлығында несие алуға автоматты келісім болмаса, несие алғысы келген адам мәртебесін өзгертуге міндетті болады. Осылайша, ол белгілі бір процедуралардан өтіп, несие алғысы келетінін өзі растауы керек. Бүгінде азаматтарымызды қорғаудың осыдан басқа сенімді тетігі жоқ», - деді депутат.