Ирина Смирнова: Үкімет қарапайым халықтың шындығын көрмей отыр

dep.jpg

Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысында Үкімет бюджет кірісін толықтыру үшін қаражат көздерін іздеуде, бірақ оның қисынсыз тұстары да бар. Бұл жайтқа Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова назар аударды. Оның айтуынша, салық жүйесін реформалау жаңа, тиімді кәсіпорындардың пайда болуына серпін беруі мүмкін, алайда керісінше — қазір жұмыс істеп тұрған бизнесті «тұншықтырып» тастауы да ғажап емес.

Депутат вице-премьер Серік Жұманғариннің жауабын негізге алып, Үкіметтің салық саясатына қатысты балама пікірлерді қабылдай бермейтінін атап өтті.

– Денсаулық сақтау мен білім беру салаларына салық салу бастамасы темекі мен зиянды өнімдерге салынатын салықпен бір қатарға қойылып отыр. Ал шын мәнінде бұл – қоғам үшін маңызды әрі әлеуметтік маңызы зор қызметтер. Байлық пен сән-салтанатқа салық салуға келсек, бұл бағытта да Үкімет асығар емес. Қайта түрлі жеңілдіктер мен айналып өту жолдары қалдырылып отыр, - деді депутат.

Смирнова Үкіметтің кеден бекеттері мен шекарадағы тәртіпті орнатуға батылы жетпей келе жатқанын да атап өтті. Қытай тарапы біздің елге қарағанда әлдеқайда көп тауардың өткенін ресми тіркеп отыр. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде жер қойнауын пайдаланушылар үшін қоршаған ортаны ластау, қалдықтарды көму секілді әрекеттерге төленетін алым мөлшері азайтылған.

Тағы бір маңызды мәселе – Үкіметтің азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген нақты қатынасын елемей отырғаны. Үкімет шенеуніктерінің түсінігінше, байлар шетелде емделеді, қалған халық – тек мемлекеттік емханаларға жүгінеді.

– Шындығында, халықтың басым бөлігі ақылы медициналық қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Бірақ бұл шындық Үкімет назарынан тыс қалып отыр. Біз бәріміз мемлекет есебінен күн көріп жүргендей көрінеміз. Бұл – әділетсіздік, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy