Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжаннның іссапары Тараз қаласында тәмамдалды. Жұмыс сапары аясындағы қорытынды кездесу Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-де өтті.
Орталықтың пайдалануға берілгеніне небары бір ай болса да, қазірдің өзінде аға буын өкілдеріне физикалық әрі эмоционалдық қолдау көрсететін маңызды алаңға айналды. Басқарма басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, ұйымның қызметі қазақстандық қарияларды өңірдің қоғамдық, мәдени және әлеуметтік өміріне белсенді тартуға бағытталған.


– Орталық заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және азаматтардың шығармашылықпен айналысуына, білім алуына, денсаулығын нығайтуына әрі белсенді ұзақ өмір сүруіне жағдай жасайды, – деп атап өтті іс-шараға қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова.


Мекеменің директоры Олжас Ақылбаев атқарып отырған жұмыстары жайлы толық ақпарат берді. Бүгінгі таңда орталықта 26 түрлі қызмет көрсетіледі. Орталық күніне 200-ге жуық адам қабылдай алады. Қызмет көрсету курсының ұзақтығы – 3 ай.
– Мұндай кездесулер мемлекет тарапынан қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, олардың белсенді, ұзақ әрі лайықты өмір сүруіне нақты жағдай жасалып жатқанын көрсетеді, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.

@halyk_partiyasy