Қылмыстың алдын алу – ортақ міндет

dep.jpg

Құқықбұзушылықтардың алдын алуға азаматтардың қатысуы енді арнайы ынталандыру арқылы қолдау табады. Бұл туралы «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының жетекшісі, ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов мәлімдеді.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл өзгеріс қоғамдағы белсенді азаматтарға – құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектесетін, заңбұзушылықты видеоға түсіріп, тиісті органдарға хабарлайтын тұрғындарға қатысты болмақ. Сондай-ақ заң жобасында қоғамдық көмекшілер институтының өкілеттігі кеңейтіледі. Қазір елімізде мұндай еріктілердің саны 20 мыңнан асады.

– Қазір олар тек патрульдеумен айналыса алады. Енді олар құқықтық насихат жұмыстарын жүргізіп, профилактика субъектілеріне жәрдемдеседі, оқу орындарында құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырады. Сондай-ақ із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге және оқиға орнына полиция келгенше оны күзетуге қатыса алады. Осылайша біз қоғамдық көмекшілердің құқықтарын кеңейттік, – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, жаңа заң жобасында мектеп қызметкерлеріне де қосымша міндеттер жүктеледі.

– Бұл мәселе құқықбұзушылыққа бейім, әлеуметтік жағдайы төмен немесе қиын өмірлік жағдайда қалған отбасылардан шыққан жасөспірімдерге қатысты. Мұндай балаларға мектеп психологтары мен тәрбие ісі жөніндегі мамандар жеке көмек көрсетіп, қажетті қолдау жасайды, – деп нақтылады ол.

Сонымен қатар профилактикалық жұмысты күшейту міндеті мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларына да жүктеледі.

– Криминологияда «архитектуралық профилактика» деген ұғым бар. Көптеген құқықбұзушылықтар тұрғын үй кешендерінде жасалады. Ал МИБ төрағалары кімнің қайда тұратынын, кімнің пәтер жалдап, кімнің меншік иесі екенін біледі. Олар күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабар беріп отырады, – деп атап өтті Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy