Қазақстан Халық партиясы көрнекті қоғам қайраткері, әдебиетші, аудармашы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасын аяқтады. Өкінішке қарай, жазушы мерейтойына санаулы уақыт қалғанда өмірден өтті. Бүгінде оның бай мұрасын жаңа ұрпақ зерттеп, танып-білуде. Жазушының туған жерінде ұйымдастырылған қорытынды конференция осы іс-шаралардың соңғысы болды.
Бұған дейін кітап көрмелері, эссе және иллюстрация байқаулары, әдеби кештер және басқа да іс-шаралар өткізілген еді.
Солардың бірі – Семей қаласындағы «Балалар өнер мектебінің» бейнелеу өнері бөлімінің оқушылары мен Шәкәрім атындағы университет студенттері арасында ұйымдастырылған байқау. Қатысушыларға қойылған талап – Мұхтар Мағауиннің әдеби шығармаларына иллюстрациялар салу. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен қатар, партия өкілдері жазушының еңбектері негізінде Семей қалалық орталық кітапханасының оқырмандары арасында «Оқыран отбасы» байқауын өткізді. Шараға 15 адам қатысты.
Іс-шаралар легі «Мағауин мұрасы және заманауи көзқарас» атты Республикалық қорытынды конференциясымен аяқталды. Бұл жиын жазушы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналды.
Конференцияда Қазақстан Халық партиясы Орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Нұрдәулет Оразханов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақстан Халық партиясы «Мәдени мұра» жобасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Оның аясында еліміздің тарихында, ғылымында, әдебиеті мен өнерінде ерекше із қалдырған көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған түрлі іс-шаралар өтуде. Мәдени мұраны жастарға жеткізу – біздің басты міндетіміз, – деді ол.