Географияны жою – қоғамды қараңғылыққа итермелеу

dep.jpg

Қазақстандық география пәнінің мұғалімдері дабыл қағуда. Пәннің жаңартылған бағдарламасы сын көтермейді. Олар жаңа бағдарламадағы кемшіліктердің бәрін тізіп көрсетіп, ашық хат жариялады. Бұл – білім саласындағы шенеуніктерге жолданған екінші хат.

Педагогтердің айтуынша, жаңартылған бағдарламада географиялық және контурлық карталармен жұмыс қарастырылмаған. Ал бұл құралдар – оқушыларға пәннің негізін түсіндіретін басты көмекші.

– Карта – географияның екінші тілі! Картаны білмеу – географияны мүлде білмеумен тең! – деп ашынды ұстаздар.

Сонымен қатар, пәнді оқытуға бөлінген уақыт та күрт қысқарған. Бұл мәселе география пәні мұғалімдерінің алғашқы республикалық съезінде көтерілгенімен, съезд делегаттарының бірауыздан қолдауына қарамастан, мәселе Оқу-ағарту министрлігінің де, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан да шешімін таппаған.

– 2017 жылға дейін «Қазақстан географиясы» пәні аптасына 4 сағат көлемінде толық оқытылатын. Алайда оны аптасына 1 сағатқа дейін қысқарту еліміздің географиясын жүйелі түрде оқыту мүмкіндігін мүлде жойды, – дейді пән мұғалімдері.

ҚХП фракциясының Мәжілістегі депутаты Ирина Смирнова да маңызды пәнді осылайша «оңтайландыруға» наразы.

– География – елдер мен шекаралардың орналасуын ғана үйрететін пән емес. Ол мемлекеттердің өзара әрекеттесуін, экономикалық ықпалын, өндірістің дамуы мен оның орналасу себептерін түсіндіретін терең функционалды білім береді. Логистика, табиғи ресурстар, халықаралық байланыстар – бәрі осы пәннің құрамдас бөлігі, – деді депутат.

Смирнованың пікірінше, географияны «қысқарту» – Қазақстанды Азияның басты көлік дәлізі әрі транзиттік хабы ретінде танытатын мемлекеттік саясатқа қайшы. Геосаясатты түсіну үшін аймақтану мен халықаралық байланыстардың негізін білмей, геологияны меңгеру үшін пайдалы қазбалардың картасын оқымай, экономиканы түсіну үшін елдің экономикалық географиясын білмей қалай үйренуге болады?

– Географияны жою қоғамда мифтер мен жалған түсініктердің көбеюіне, архаизм мен қараңғылыққа әкеледі! Жаңа буын өз елін, әлемнің құрылымын түсінуге қажет маңызды практикалық білімнен айырылып қалады! – деп түйіндеді Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy