Параспорттың басты дерті – қаржыландырудың жеткіліксіздігі

dep.jpg

Қазақстандық параспортшылар жақсы нәтиже көрсетіп жүргенімен, бұл салаға бөлінетін қаржы әлі де мардымсыз. Көп жағдайда олар олимпиада спортшыларынан да жоғары нәтиже көрсетсе де, мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау көрмей отыр.

Осы өткір мәселені «Инфрақұрылым мен қолжетімділік. Әлеуметтік әріптестік. Бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту мәселелері» атты дөңгелек үстел барысында Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтар құқығы жөніндегі уәкілі, Қазақстан Халық партиясының өкілі Кенжеғұл Сейтжан көтерді.

Айта кетейік, бұл мәселе оған жат емес – К.Сейтжан өзі де параспортшы, паравелоспорттан ұлттық құраманың мүшесі, әлемдік деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

– Бүгінгі жиында инклюзивті мектептер мен парамектептер бар деген сөз айтылды. Бірақ бұл – шындыққа жанаспайды. Иә, мемлекет қолдайтын кейбір спорт клубтары бар, бірақ олар көбіне ересектерге арналған. Ал балаларға арналған инклюзивті мектептер – жоқтың қасы, - деді депутат.

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт – тек хобби емес, ол – әлеуметтенудің, қоғамға бейімделудің және өзін табудың жолы. Ал оған бала кезден келген дұрыс.

Мәжілісмен әрі омбудсмен ретінде Кенжеғұл Сейтжан Туризм және спорт министрлігінен еліміздегі инклюзивті мектептердің нақты тізімін, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген, параспортшылар жаттығуына қолайлы спорт нысандары туралы мәлімет ұсынуды сұрады.

– 2016 жылдан бері параспорт едәуір дамыды. Бірақ, өкінішке қарай, бізге қолдау әлі де қалдық қағидаты бойынша көрсетіледі, – деп еске салды ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy