Мәжіліс Құрылыс кодексі жобасын бірінші оқылымда қабылдады

dep.jpg

Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қабылданды. Құжатты Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев таныстырды. Министр заң жобасындағы бірқатар жаңалықтарға да тоқталды.

Министрдің айтуынша, заң жобасында «Техникалық реттеу жөніндегі ұлттық институт» ұғымы енгізіледі. Бұл жаңа институт сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормаларды жаңарту мен жетілдіру жұмыстарын үйлестіретін негізгі орган болмақ.

– Институттың басты міндеті – құрылыс нормалары мен ережелерінің қолданылуын тұрақты түрде бақылап, оларды өзектендіру бойынша уақтылы ұсыныстар енгізу. Сондай-ақ, институт мемлекеттік органдардан, бизнестен және азаматтардан келіп түскен сауалдар бойынша техникалық реттеу мәселелеріне қатысты түсіндірме беретін болады, – деді министр.

Институттың жұмысын тиімді әрі заманауи ету үшін кәсіпкерлер мен сала мамандарын тарту жоспарланып отыр. Техникалық реттеу жөніндегі ұлттық институттың қызметін атқару үшін Алматыда 1931 жылы құрылған, құрылыс саласын дамыту бағытында жұмыс істейтін еліміздегі жалғыз мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы – ҚазҚСҒЗИ (Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты) ұсынылды.

Алайда бұл ұсыныс депутаттар арасында сұрақ туындатып отыр. Атап айтқанда, ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов барлық техникалық реттеу жұмысы бір ұйымның қолына шоғырлануы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

– Монополияға жол бермеу үшін қандай тетіктер қарастырылған? Сондай-ақ кәсіби қауымдастықтың нормативтерді әзірлеу мен жаңарту жұмысына қатысуы қалай қамтамасыз етіледі? Бұл институттың құрылуы құрылыс саласындағы техникалық құжаттардың санын қысқартуға әсер ете ме? – деді депутат.

Министрдің айтуынша, монополия болмайды. Керісінше, институт үйлестіруші орталық ретінде жұмыс істейді, ал нақты нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу кәсіби ортада, яғни салалық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүргізіледі.

– Бұл жұмыс техникалық комитеттер арқылы жүзеге асады. Комитеттер құрамына кәсіби қауымдастықтың өкілдері кіреді. Салада жүрген мамандар нақты қандай өзгерістер қажет екенін өз тәжірибесіне сүйене отырып ұсынатын болады. Бұл жұмысқа тек отандық емес, халықаралық сарапшылар да қатыса алады, – деп нақтылады министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy