Ерекше балаларға қолдау көрсету мәселесі талқыланды

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау: заң жобасынан – нақты көмекке дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, дәрігерлер, психологтар, оңалту орталықтарының қызметкерлері және ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары қатысты.

Фракция жетекшісі әрі жиын модераторы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 2002 жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету көмегі туралы» заң қабылданған болатын. Бұл құжат ең алдымен оңалту ұйымдарының мемлекеттік желісін қалыптастыруға бағытталған еді.

– Соңғы жылдары бұл салада жеке орталықтар көбейді. Сондықтан олардың жұмысын да реттейү уақыты келді, – деді депутат.

1

Қазір мұндай орталықтарды екі санатқа бөлуге болады: адал жұмыс істейтіндер және талапқа сай келмейтіндер. Сол себепті балалардың денсаулығына зиян келмеуі үшін лицензиялау тетігін енгізу қажет.

– Қалыптасқан проблемаларды шешу және осы уақытқа дейінгі жетістіктерді жоғалтып алмас үшін барлық норманы ортақ талқылауымыз керек, – деп атап өтті Магеррамов.

Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасының мазмұнына тоқталды. Жоба ауруларды ерте диагностикалау жүйесін жетілдіруді, ақпараттық жүйелердің интеграциясын, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, балаларға жеке бағытталған әдісті енгізуді, түзету және оңалту ұйымдарын лицензиялауды және басқа да жаңашылдықтарды қамтиды.

2

– Бұл шаралар инклюзивті ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделуіне жол ашады, – деп қорытындылады Б.Елеусінова.

«Родники» абилитациялық тәжірибелер мектебінің басшысы, психолог-дефектолог Наталья Пахомова заң жобасына қатысты бірқатар сын-ескертпелерін білдірді.

4

– Мен құжатты мұқият қарап шықтым да, жеке сектор назардан тыс қалғандай әсерде қалдым. Қазір жүктеменің басым бөлігі дәл осы жеке орталықтардың мойнында, әсіресе мемлекеттік қызмет жетпейтін немесе жеткіліксіз аймақтарда, – деді ол.

Пахомова заң жобасындағы ұғымдық аппараттың бірқатар тұстарында сәйкессіздіктер бар екенін айтты. Оның пікірінше, лицензиялау рәсімі бюрократияға толы. Мамандар тізімінде заманауи бірнеше кәсіби бағыт көрсетілмеген, яғни олар заңнан тыс қалып отыр. Кейбір әдістемелердің ғылыми негізі жоқ. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің қолданыстағы стандарты оны тек мемлекеттік мекемелер арқылы жүзеге асыруды міндеттейді, бұл жеке секторды автоматты түрде шеттетуі мүмкін.

3

– Бұл – ондаған жеке орталықтың жүйеден тыс қалуы. Меніңше, мұндай тұжырым қазіргі жағдайды нақты көрсетпейді. Жеке орталықтар – қауіп емес, керісінше ресурс! – деді Пахомова.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жас Ұрпақ» орталығының жетекшісі Балнұр Бекова мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау саласы кешенді әрі көпсалалы тәсілді талап ететінін айтты. Ол кадр тапшылығы, өңірлерде оңалту қызметтерінің қолжетімсіздігі, ата-аналардың тәуекелдер туралы жеткілікті ақпараттандырылмауы сияқты проблемаларды атады.

5

– Балаларды кешенді қолдау – жекелеген шаралар жиынтығы емес, ортасында бала мен оның отбасы тұратын жүйелі жұмыс, – деді Бекова.

Талқылау барысында қатысушылар жаңа туған балаларға скринингтің міндетті болуынан бастап иппотерапияны пайдалану мәселесіне дейін түрлі бағыттарға тоқталды. Дөңгелек үстелді қорытындылай келе Магеррамов ҚХП фракциясы бұл саладағы жұмысын жалғастыратынын атап өтті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy