
Отандық өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі – ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар болуы мүмкін еді. Алайда мемлекет бұл мүмкіндікті толық пайдалануға асығар емес. Бұл мәселе Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі: өсім экономикасы және цифрлық трансформация» атты дөңгелек үстелде талқыланды.
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов офтейк-келісімшарттардың отандық өндіріс көлемін арттырудағы рөліне назар аударды.
– Отандық тауар өндірушілермен жасалатын офтейк-келісімшарттардың үлесін кем дегенде 10 пайызға дейін жеткізу қажет, – деді депутат.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, офтейк – ел кәсіпорындарын жүктеудің негізгі құралдарының бірі саналады.
– Биылғы жылдың басынан бері «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық кәсіпорындармен жалпы сомасы 481,7 миллиард теңгеге 586 ұзақмерзімді келісімшарт пен офтейк-шарт жасасты. Сондай-ақ ірі жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілермен жалпы құны 227,4 миллиард теңгеге 775 ұзақмерзімді келісімшарт және 767,6 миллиард теңгеге 12 офтейк-шарт жасасқан, – деді вице-министр.
Алайда нақты жағдай басқаша. Көп жағдайда отандық өнім тек құжат жүзінде ғана сатып алынады. Ал кейбір салалар үшін офтейк-келісімшарттар – тек орындалмас арман күйінде қалып отыр.
«Sintez-KZ» медициналық холдингінің директоры Игорь Рыбиннің айтуынша, елімізде медициналық техника, құрал-жабдық және медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын кәсіпорындарға Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 10 жылға жуық уақыт бойы мұндай келісімшарттармен қолдау көрсетпеген. Соңғы офтейк-келісімшарттар 2015 жылы жасалған. Негізгі себеп – мұндай келісімшарт жасау үшін медициналық техниканың құнын бағалау процедурасынан өту қажет. Ал бұл жұмысты атқаратын құзырлы орган жоқ.
– Ұлттық сараптама орталығы ұзақмерзімді келісімшарттар жасау кезінде медициналық техниканың құнын бағалаумен айналыспайды. Соның салдарынан нарықтағы бағалар бұрмаланып, бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалады. Бұл орталықтан бұл функцияны алып тастаған, - деді Рыбин.
@halyk_partiyasy