
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді. Мәжілісмен сайлаушылармен кездесуді, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін аралауды, сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдауды жоспарлап отыр.
Ирина Смирнова жұмыс сапарын атышулы №8 қалалық ауруханадан бастады. Депутат мекеме басшылығымен және ұжымымен инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты мәселелерді, оның ішінде терезелердің жақтауларын, санитарлық торапты және ішкі бөлмелерді талқылады.
Терезе ауыстыру жұмысының бір бөлігі бұған дейін мекеменің өз қаражаты есебінен жүргізілген. Сондай-ақ есіктерден және электрмен жабдықтау жүйесінен ақау табылды. Күрделі жөндеу осы жылға жоспарланған. Медициналық жабдықтар, оның ішінде МРТ аппаратының үздіксіз жұмыс істеуі де тілге тиек болды. Қазіргі таңда аппарат тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Кездесу қорытындысында жергілікті атқарушы органдардың қолдауын күшейту қажеттігі атап өтілді. Әкімдікке және бейінді құрылымдарға жүгіну арқылы бірқатар мәселелер пысықтауға алынды. Негізгі мақсат – медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын, ал пациенттерге қауіпсіз әрі сапалы ем көрсетуді қамтамасыз ету.
– Алматы қаласының №8 ауруханасы дәрігерлерімен танымал. Олар пациенттеріне жан-тәнімен қызмет етеді, – деп атап өтті Ирина Смирнова іс-шараның қорытындысында. – Алайда осыған дейінгі қожайындардан қалған мұра, яғни бұрынғы теміржол ауруханасын тиімсіз пайдалану мен оны сапалы күтіп-ұстамаудың салдары пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайсыз жағдай туғызуда.
Қазіргі таңда мемлекет жауапкершілікті өз мойнына алды. Тозығы жеткен корпуста жөндеу жұмысын жүргізуді қамтамасыз етті. Оның жанынан заманауи клиника салынады. Ал жұмыс істеп тұрған ауруханаға 65 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеу жасалады. Дегенмен бұған дейін оған тағы бірнеше жыл қызмет көрсету қажет.
– Клиникаға осы жағдайда жұмыс істей алатын деңгейде қолдау көрсету керек. Кем дегенде косметикалық жөндеу жасау қажет, – деп түйіндеді депутат. – Біз бұрынғы жауапсыз қожайындардың жауапкершілігіне қатысты құжаттарды сұратамыз. Олар клиниканы осындай жағдайда қалдырып, қалай кетіп қалды?!
@halyk_partiyasy