
Жыл соңы – өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Қазақстан Халық партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов биыл, яғни аяқталуға таяп қалған жылда елімізде қандай өзгерістер болғанын атап өтті.
Экономикалық жетістіктерге тоқталған депутаттың айтуынша, биыл Қазақстан экономикасы 6 пайыздан астам өсім көрсетті. Бұл, әрине, қуантарлық жайт.
Алайда, Магеррамовтың пікірінше, оң өзгерістер тек Үкіметтің статистикалық есептерінде ғана емес, қарапайым азаматтардың күнделікті өмірінде де сезілуі керек.
– Ең бастысы, оптимистік көрініс тек қағаз жүзіндегі көрсеткіш күйінде қалмауы тиіс. Дүкенге барған қазақстандықтар бағаның үнемі өсіп жатқанын емес, нақты оң өзгерістерді көрсе дейміз. Әйтпесе, қоғамда орынды сұрақ туындайды: экономика өсіп жатыр, ал неге тұтынушының қалтасына ол сезілмейді? – деді депутат.
ҚХП фракциясы бұл мәселеге басты себеп – жоғары инфляция екенін бірнеше рет айтқан. Бағалар жиі әрі негізсіз қымбаттаған кезде, экономикалық өсімнің бір бөлігі тауарлар мен қызметтердің, коммуналдық тарифтердің қымбаттауымен «жұтылып» кетеді. Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыр – қазір ол жылына 18 пайыз. Бірақ бұл шара жалғыз өзі барлық мәселені шеше алмайды.
– Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы несиелерді қымбаттатады, сұранысты төмендетеді және осылайша бағаның өсуін біртіндеп баяулатуы тиіс. Алайда бұл қарапайым халық пен бизнес үшін ауыр тиеді: ипотека, автонесие, шағын және орта бизнеске арналған қарыздар қолжетімсіз бола түседі, - деді Магеррамов.
ҚХП фракциясының ұстанымы айқын: ЖІӨ өсімі есептердегі әдемі сандармен шектелмей, азаматтардың тұрмыс сапасының нақты жақсаруына айналуы керек.
– Біз экономикалық саясаттың әрдайым тепе-теңдікті талап ететінін түсінеміз. Бір жағынан, инфляцияны ауыздықтау қажет. Екінші жағынан, бизнесті тұншықтырып, инвестиция салу мен жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтіруге болмайды. Сондықтан қоғаммен ашық сөйлесу, қабылданған шешімдерді түсіндіру және өңірлердегі азаматтар мен кәсіпкерлердің пікірін ескеру аса маңызды, - деп атап өтті фракция басшысы.
Қоғамдық-саяси қорытындыларға тоқталған Магеррамов биылғы жыл «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту жылы болғанын атап өтті.
– Біз құқықтық мемлекет құру жолында маңызды қадамдар жасап келеміз. Мұндай мемлекеттің басты белгісі – заң үстемдігінің іс жүзінде қамтамасыз етілуі. Яғни, ереже баршаға бірдей болуы тиіс, - деп нақтылады ол.
Оның айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидаты азаматтардың құқығы мен бостандығы және олардың жауапкершілігі арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті көздейді. Жеке құқық пен бостандықты бекіту және қорғау заңды нығайтумен, заңға деген сөзсіз құрметті қалыптастырумен қатар жүруі тиіс.
– Осы қағидатты берік ұстана отырып, біз әлеуметтік, саяси және жеке құқықтың барлығының толық қамтамасыз етілуіне қол жеткіземіз деп сенемін, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.
@halyk_partiyasy