
Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауды айтарлықтай күшейтпек. Енді тұрғын үйді пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылауы (МAҚБ) мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерінің қатысуы міндетті болады.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
– Құрылыс сапасын тексеру енді тікелей нысан басында жүргізіледі. Бұл шара қабылдау рәсімдерінің ашықтығын арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Сонымен қатар, құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар үшін тәртіптік, мүліктік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жаза қала құрылысы регламенттерін бұзған немесе жобалық құжаттама бас жоспарға сай келмеген жағдайда қолданылады.
Жаңа кодексте бақылаудың жаңа түрі – жедел әрекет ету шарасы енгізіледі. Бұл тетік арқылы уәкілетті орган БАҚ-тағы жарияланымдар мен азаматтардың шағымдары негізінде заңбұзушылық анықталған жағдайда құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтата алады.
– Бұл тәсіл заңсыз құрылыстарды дер кезінде анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Ерсайын Нағаспаев.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова бұл шаралардың өзектілігін атап өтті. Ол Алматының тау бөктеріндегі «Белгравия» тұрғын үй кешенінің құрылысында анықталған заңсыздықтар туралы айтты.
– Тауда заңсыз тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өзім барып көрдім: құрылыс бұрынғы алма бағының орнында жүргізілуде. Ал құжаттарда ол жерде тек коттедж қалашығын салуға рұқсат берілген, – деді депутат.
Смирнованың айтуынша, нысандағы қабат саны нормадан артық, су және кәріз жүйесі мүлде жоқ.
– Ертең ол жерге адамдар қоныстанады, сонда суды қайдан табамыз? Сосын тұрғындар тағы да наразылық білдіріп, мәселені халықтың ақшасымен шешуге тура келеді, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, көршілес тұрғындар бұл заңсыз құрылысты тоқтату үшін әкімшілікке де, Мәжіліс депутаттарына да, қала құрылысы ұйымдарына да жүгінген, бірақ нәтиже болмаған.
– Ешкім бұл құрылысты тоқтата алмай отыр! Бұл аймақ – тау бөктері, мұнда үш қабаттан жоғары салуға болмайды. Сондықтан Құрылыс кодексі екінші оқылымға дейін қаралған кезде, осы нақты жағдайды мысал ретінде қарап шығуды сұраймын. Осындай заңсыз құрылысты қазір немесе болашақта тоқтату мүмкін бе? Өйткені мұндай нысандардан пайда көретін құрылыс компаниялары, ал шығынды кейін мемлекет өтейді, – деді депутат.
@halyk_partiyasy