Смирнова: «Қайрат – Реал Мадрид» матчына 5 мың билет салық төлеушілердің ақшасына сатып алынған

dep.jpg фото championat.com

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мемлекеттік компаниялардың отандық футбол клубтарын қолдаудың орнына, бюджет қаржысын қызметкерлеріне қымбат билеттер сатып алуға жұмсайтынын сынға алды.

Әңгіме Алматыда өткен «Қайрат – Реал Мадрид» матчы туралы болып отыр. Бұл ойында қазақстандық команда 0:5 есебімен ұтылды.

– 5000 билет! Оны еліміздің мемлекеттік компаниялары салық төлеушілердің ақшасына сатып алды! Ол билеттер кім үшін? Қызметкерлер футболды жақсы көрсе, өздері-ақ билет сатып ала алады. Ал шынымен футболмен айналысып жүргендерді, жастарды қолдау керек еді ғой, - деп ашуланды депутат.

Депутаттың пікірінше, мұндай ойындарда нәтиженің көңіл көншітпейтіндей болуының себебі – қаражат дұрыс бағытталмауында.

– Ақшаны жаттықтырушылар құрамын нығайтуға, футболшыларды дайындауға, дарынды спортшы жастарды табуға жұмсау керек еді. Сонда нәтиже де, ынта да болар еді! Ал бізде қалай? Әдеттегідей, тегін билетке үйреніп қалған бір топ адам шақыру билетімен барды. Олар үшін ол жай ғана «майшелпек». Ал ол билеттердің ақшасы мемлекеттік ұйымдардың бюджетінен төленді, - деді депутат.

Смирнованың айтуынша, «Реал Мадридке» қарсы матчқа барған мұндай «жанкүйерлер» үшін ең бастысы – даңғойлық. Сондықтан «Қайрат» олардан ешқандай шынайы эмоционалды қолдау көрген жоқ.

– Шын мәнінде, командаға жанкүйер болу керек кезде олар үнсіз қалады. Өйткені олар футболды онша жақсы көрмейді де, түсінбейді де. Жалпы алғанда, аса әуре болғысы да келмейді! – деп қынжылды депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy