Ирина Смирнова: Денсаулық сақтау министрлігінің жауаптары бір-біріне қайшы

dep.jpg

Депутаттардың сұрақтарына жауап бергенде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз сөзіне өзі қайшы келіп отыр. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты Ирина Смирнова мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін ҚХП фракциясы елде невропатолог мамандардың жетіспейтінін айтып, Министрлікке сауал жолдаған.

– Бізге «невролог мамандар бойынша кадр тапшылығы жоқ» деген жауап келді. Ал кезекті сауалымызда неврологиялық ауруларды емдейтін орталықтар ашу қажет екенін көтергенімізде, ведомство бұл мүмкін емес екенін, себебі неврологтардың жетіспейтінін айтты. Бір министрліктің берген екі жауабы бір-біріне қарама-қайшы, – деді Смирнова.

Депутат бұл мәселеге нақты жауап алу үшін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға тікелей сұрақ қойды. Өкінішке қарай, министр пессимистік нұсқаны растады – елде неврологтар тапшы, әсіресе ауылдық жерлерде. Ал мамандар жеткілікті мөлшерде дайындалып жатыр: биыл 175 түлек осы мамандық бойынша оқуды тәмамдаған.

– Бірақ ең үлкен мәселе – мамандардың жұмысқа тұрмауы. 175 түлектің тек 59-ы ғана өңірлерге жіберілді. Қалғандары әртүрлі себеппен грантты міндетті өтеуден босатылған, – деді министр.

Министрдің айтуынша, түлектердің бір бөлігі еңбек өтілін жекеменшік медициналық ұйымдарда өтіп жатыр, оған тыйым салынбайды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар да мамандарды тартуға белсенділік танытпай отыр. Биылғы түлектердің ішінен 11 невролог ауылға жұмысқа барғанымен, олардың тек 5-еуі ғана заңда көзделген әлеуметтік қолдауды алған. Бұл мәселені министрлік медициналық қызметтердің тарифін өсіру және заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешуді жоспарлап отыр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy