Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Үкіметті отандық өндірушілер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға шақырды. ҚХП депутаттарының пікірінше, елге әкелінетін азық-түлік тауарларына техникалық реттеу және сертификаттау талаптарын қатаңдату қажет.
Осы ретте фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов «бас тарту хаттары» мәселесін көтерді. Бұл – белгілі бір тауардың міндетті сәйкестік бағалаудан өтпейтінін растайтын құжат.
– Осындай құжаттарды пайдаланып, кейбір адал емес импорттаушылар кедендік декларацияларда соның нөмірі мен күнін көрсетеді. Ал кеден органдары бұл хаттардың бар-жоғын, олардың түпнұсқалығын немесе мазмұнын тексермейді, - дейді депутат.
Бүгінде мұндай тәжірибе кеңінен таралып, арзан импорттық тауарларды сертификаттаусыз әкелуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл отандық өндірушілерге де, қазақстандық тұтынушыларға да зиян келтіреді. Осыған байланысты ҚХП фракциясы аталған олқылықты жою үшін нақты шаралар қабылдауды ұсынады. Атап айтқанда, міндетті сәйкестік бағалауынан өтуі тиіс өнімдердің электрондық тізімін жасап, оны тұрақты түрде жаңартып отыру қажет. Бұл тізімде ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы кодтары көрсетілуі тиіс.
– Сонымен қатар, кедендік органдар бұл тізімді автоматтандырылған жүйе арқылы қолдануы керек. Бұл «адам факторының» әсерін азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға және міндетті сертификаттаудан айналып өтуді тоқтатуға мүмкіндік береді, - деп нақтылады Магеррамов.
Депутаттар бұған қоса былтыр сертификаттау органдары берген барлық «бас тарту хаттарына» талдау жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтауды, жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды және осындай әрекеттерден Қазақстан экономикасына келген залалды есептеуді ұсынды.