Спорт емес, бизнес

dep.jpg

Алматыда өткен Чемпиондар лигасының «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы төңірегіндегі пікірталастар әлі де толастар емес. Кездесу Қазақстан үшін 0:5 есебімен сәтсіз аяқталды. Алайда отандастарымыздың басты сын-ескертпелері ойында жеңілген футболшыларға емес, ұйымдастырушыларға бағытталды.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч – миллиондаған жанкүйер асыға күткен нағыз спорттық оқиға болды.

– Алайда мереке болады деген үмітіміз ақталмады. Билеттер санаулы минуттарда сатылып кетті, жүйе жиі істен шықты, ал алдын ала дайындалған қарапайым азаматтардың өздері де стадионға кіре алмай қалды, – деді депутат.

Магеррамовтың айтуынша, шын мәнінде әділ болуы тиіс электронды кезек жүйесіздікке ұласты. 23 мың орындық стадионға билет сату басталған сәтте сайтқа бір мезетте миллионнан астам адам кірген.

– Барлық адамның билет алу мүмкіндігі болмайтыны түсінікті. Бірақ ұйымдастырудың ретсіздігі халықтың наразылығын күшейтті. Көп азаматты жүйе автоматты түрде кезектен шығарып тастаған, сессиялар жаңарып, төлемдер өтпей қалды, – деп атап өтті ол.

Ең көп сынға ұшыраған тұстардың бірі – «бір адамға – екі билет» қағидасы болды. Бұл қағида ресми түрде алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында енгізілгенімен, техникалық ақаулар мен сервердің жүктемесі оны тиімсіз етті.

– Бірі тапсырысты рәсімдей алмай жатқанда, басқалары кездейсоқ жолы болып, билет алып үлгерді. Ал сол уақытта алыпсатарлар билеттерді бірнеше есе қымбат бағамен сатып жатты, – деді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, қарапайым қазақстандық, мысалы, Петропавл тұрғыны мұндай матчқа қалай бармақ? Өйткені бұл тек билет емес – жол шығыны, қонақүй, сапарды алдын ала жоспарлау деген сияқты қосымша ауыртпалықтар бар. Адам бәрін алдын ала дайындағанымен, ақыр соңында жүйенің әділетсіздігіне тап болады. Ал отандық «Қайрат» өз жанкүйерлерінің қолдауынсыз қалады.

– Миллиондаған азамат үшін бұл футбол мереке болуы керек еді. Ал бұл жағдайдан көпшілітің көңілі қалды. Билет сату инфрақұрылымы жүктемеге төтеп бере алмай, шектеулер әділ жанкүйерлерді қорғай алмады, – деді Магеррамов.

Депутаттың пікірінше, мемлекет пен ұйымдастырушылар билет тарату жүйесін қайта қарастыруы тиіс. Мәселен, алдын ала тіркелген жанкүйерлер арасында лотерея арқылы іріктеу өткізу, кезектің ашық статистикасын жариялау және заманауи серверлік шешімдерге инвестиция салу қажет. Бұл мәселені депутат мемлекеттік деңгейде көтермек. Оның айтуынша, мәселе тек футболға ғана қатысты емес.

– Біз бұдан былай көпшілікке арналған шараларға қатысу лотерея секілді әділетсіз жүйеге айналуына жол бермеуіміз керек. Халық спорты халықтікі болып қалуы тиіс. Ол алыпсатарлардың қолындағы табыс көзіне айналмауы керек, – деп түйіндеді Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy