
Мәжіліс «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын және оған байланысты екі түзетулер пакетін бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмалары аясында әзірленді.
Заң жобасына сәйкес, құқық қорғау органдарымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қамқоршылық органдары, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпкерлік өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқа да қатысушылар тартылатын болады. Әрбір ұйым мен мекемеге нақты жауапкершілік аймағы бекітіледі. Сонымен қатар, профилактикалық жұмысқа қатысушылар арасында жүйелі үйлестіру механизмі құрылмақ.
Қазақстан Халық партиясы Мәжіліс фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің хатшысы, заң жобасы жұмыс тобының басшысы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл заң ұлттық құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жаңғырту мен халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруде маңызды кезең болып табылады.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қылмыстың қайталануы, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары деңгейі әлі де жоғары, сондай-ақ түрмеден шыққан адамдардың әлеуметтік бейімделуінің тиімділігі төмен болып отыр. Сондықтан салааралық актілердің негізгі ережелерін біріктіріп, барлық деңгейдегі алдын алу қызметіне бірыңғай құқықтық негіз жасайтын жүйелі заң қабылдау қажеттілігі туындады. Заңның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тұтастай, үйлестірілген және тиімді жүйе құру, - деді депутат.
Парламент өкілі жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу барысында Германия, Франция, Жапония, Скандинавия елдерінің тәжірибесі зерттелгенін айтты.
– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей тиімді профилактика тек мемлекет, қоғам және жеке тұлғаның күш-жігерін біріктіріп, жауапкершілікті нақты бөліп, нәтижелерді үздіксіз бақылаумен ғана мүмкін болады, - деді Ммагеррамов.
@halyk_partiyasy