Жасанды кедергілер мен нақты жоспарлар туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан жұмыс сапарымен Павлодар қаласына барды.

Сапар бағдарламасы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын қамтыды: білім, оңалту, инклюзия және әлеуметтік кәсіпкерлік.

Мәжілісмен №7 мамандандырылған мектеп-интернатта, мүгедектігі бар адамдарға арналған клубта, оңалту орталықтарында, инклюзивті шеберханаларда және басқа да орындарда болды.

Мамандандырылған мектеп-интернат депутатқа жақсы әсер қалдырды. Мұнда нашар көретін балалар үшін заманауи технологиялар қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қолжетімді: бейімделген сыныптар, құрал-жабдықтар, түсінікті навигация және жұмысқа жайлы орта.

– Педагогикалық тұрғыдан да, техникалық жағынан да жүйе құрылғаны көрініп тұр, – деп атап өтті К.Сейтжан. – Маңыздысы мұнда нақты қамқорлық бар. Мұнда баланың оқуына, бейімделуіне және өзіне сенімді болуына жағдай жасалған.

Жұмыс сапары аясында депутат Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Парламентарий орталықтың ұжымымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға қатысты мәселелерді талқылады.

– Жоспар бойынша паровелоклуб ашу, балаларды мүмкіндігіне қарай белсенді ортаға тарту, әлеуметтік ортаға бейімдеу және оларды жаттықтыру үшін жаттығу кешенін орнату көзделіп отыр, – деді Кенжеғұл Сейтжан кездесудің қорытындысында. – Бұл жұмыс нақты қажеттілік пен кері байланысты ескере отырып жалғасады.

Мәжілісмен қаладағы әлеуметтік жобалардың қызметімен танысып, кәсіпкерлермен әңгімелесті. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды қолдау тәжірибесін және жергілікті деңгейдегі нақты жұмыс жағдайын талқылады.

– Мұндай кездесу қандай қолдау шаралары жұмыс істейтінін, ал қайсы түзетуді қажет ететінін түсінуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді К.Сейтжан.

ҚХП өкілі «Өңірлерде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту: мүмкіндіктер, кедергілер, шешімдер» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Мұнда депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнесті қолдау институттарының өкілдері, ғалымдар және әлеуметтік кәсіпкерлер жиналды.

– Маңызды мәселелер талқыланды, – деп атап өтті парламентарий. – Есеп тыңдалған жоқ, өңірлердегі жобаларға қатысты кедергілер, оларды шешу жолдары қаралды. Дәл осындай форматта өтетін жиындарда шешім пайда болады, оны заңнамалық тұрғыда, басқарушылық деңгейде жүзеге асыруға қадам жасалады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy