ҚХП зейнеткерлерге киберқауіпсіздік негіздерін түсіндірді

Қазақстан Халық партиясы интернет-алаяқтықпен күреске бағытталған ақпараттық жұмыстарын жалғастыруда. Партияның заңгерлері мен белсенділері киберполиция қызметкерлерімен бірге елордадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында кезекті дәріс өткізіп, тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді, сондай-ақ тегін құқықтық кеңес берді.

Бұл көшпелі кездесу партияның халықтың құқықтық және цифрлық сауатын арттыруға арналған әлеуметтік бастамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Аудитория да кездейсоқ таңдалмаған – интернет-алаяқтардың жиі арбауына түсетін зейнеткерлер. Қатысушылар онлайн сатып алу кезіндегі құқығын қорғау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша кеңес алды.

1

– Біз егде жастағылар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаларын және жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндіруге ерекше мән береміз, – деді партия заңгері Рамазан Азамат.

2

Полиция капитаны, жедел уәкіл Бақдәулет Мамаевтың айтуынша, алаяқтар қолданатын тәсілдер алуан түрлі. Біреуді жеңіл табыс пен инвестицияға қызықтырса, енді біреуден SIM-картаның мерзімін ұзартуды талап етеді, тағы біреулерді банк қосымшасы бұзылды деп қорқытады. Сондай-ақ пошта бөлімшесі немесе емхана атын жамылған жалған хабарламалар да қауіпті.

3

Дәріс соңында мамандар қарттарға жеке сауалдары бойынша тегін консультация өткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy