Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуда маңызды біріктіруші рөл атқарады. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова пікір білдірді.
– Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті. Бұл жерде аса мән беретін жайт – ол «халықтар» емес, «халық» деген атау. Біз – туған Қазақстанымыздың біртұтас халқымыз! – деді Смирнова.
Ирина Смирнова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі сессияда сөйлеген сөзінде еліміздің алдында тұрған сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер туралы айтқанын еске салды.
– Қазақстандық келісім үлгісінің негізінде «біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген берік қағида жатыр. Осындай қарым-қатынастар еліміздің тұрақтылығының негізіне айналады, - деп атап өтті депутат.
Смирнованың айтуынша, бәрі салыстыру арқылы бағаланады. Шетелде жүргенде ғана Қазақстанның бейбіт, қауіпсіз әрі достыққа негізделген ел екенін терең сезінуге болады. Мұндай игі ахуалды сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сонымен қатар, сыртқы ықпалдан да қорғау қажет.
– Бүгін Мемлекет басшысы Ассамблея сессиясында еліміз үшін аса маңызды мәселелерді көтерді. Ол қандай да бір мәселені шешу үшін өзге тараптың нұсқаулығына жүгінудің қажеті жоқ екенін орынды айтты, - деді ол.