Мәжіліс депутаттары аймақтарға жасаған жұмыс сапарларының қорытындысын шығарып, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын, халық қандай проблемаларды көтеретінін және оларды мемлекеттік органдар қалай шешуі тиіс екенін талқылады. Бұл бағытта Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы да белсенділік танытты.
Мәжілістің пленарлық отырысында фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов ҚХП депутаттары екі облыс пен республикалық маңызы бар екі қалаға барып, 48 кездесу және 29 жеке қабылдау өткізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде құзырлы органдарға 101 мәселе жолданған. Олардың 55-іне оң жауап берілсе, 31-і тек формалды түрде қарастырылған. 12 жағдай бойынша мәселе шешімін таппаған, ал 3 жағдайда қосымша бюджет қаражаты қажет болған.
«Біз ең алдымен елдегі инвестициялық және бюджет саясатының тиімді жүргізілуі мәселесін көтергіміз келеді. Біздің бақылауымызша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаржы тиімсіз жұмсалуда», - деді Магеррамов.
Мысал ретінде депутат денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті келтірді. Оның аясында халық саны аз ауылдарда көлемді әрі қымбат фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) салынуда, ал іс жүзінде мұндай үлкен нысандардың қажеті жоқ.
– Архив пен кітапхана қызметкерлерімен өткен кездесуде олардың еңбекақы төлеудегі әлеуметтік әділетсіздікке тап болғаны анықталды. Бұл мәселені шешу үшін барлық кітапханашыны бірыңғай лауазымдық реестрге енгізіп, ең жоғары коэффициент бойынша жалақы белгілеу қажет, - деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар, ҚХП фракциясы дәріханалық нашақорлық мәселесін көтерді. Қазіргі таңда бұл құбылыс синтетикалық есірткіден кейінгі екінші орынға шығып отыр. Мұндай тәуелділігі бар адамдарды анықтау өте қиын, себебі олар еш кедергісіз жұмысқа орналаса алады.
– Мұндай адам, мысалы, күзет агенттігіне жұмысқа тұрып, қаруға ие болуы мүмкін. Бұл қоғам үшін өте қауіпті, – деп түсіндірді депутат.
Бұдан бөлек, әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығына барған партия мүшелері зорлық-зомбылық құрбандарының жеке деректерін қорғау қажет екенін атап өтті. Олар мұндай ақпараттың қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылаусыз таралуына тосқауыл қою керек екенін де жеткізді.
– Әлеуметтік желілер – кез келген адамға қолжетімді орта, бірақ кейде олар жәбірленушінің жазықсыз айыпталып мен буллингке ұшырауына себеп болады. Зардап шеккен адамды толық қорғаудың орнына, оны жұртшылықтың талқысына салып, қоғам талқысына саламыз, - деді Магеррамов.
Сөз соңында ҚХП фракциясының жетекшісі Үкіметті әлеуметтік және экономикалық саясатқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге және халықтың еңбек пен кәсіби әлеуетін дамытуға басымдық беруге шақырды.