
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім кеңістігі» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі. Форумға шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредитациялық және рейтингтік агенттіктердің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сарапшылар мен депутаттар қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде білім мен ғылымның стратегиялық маңызы зор екенін, олардың шекара талғамайтын және әлем елдерін біріктіретін күш екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, дәл осы екі сала – әлемді өзгерте алатын қозғаушы тетік.
– Күшті университеттер – болашақтың нағыз ұстаханасы. Мұнда жаңа идеялар туындайды, кедергілер жойылады, әділетті әрі үйлесімді әлемнің негізі қаланады. Университеттер халықтар арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтып, құндылықтарға негізделген дипломатияны ілгерілетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі депутаты Ирина Смирнова да форум жұмысына қатысып, жоғары баға берді.
– Бүгінде Қазақстанның жоғары білім жүйесі – халықаралық ынтымақтастық алаңы. Біздің университеттер 40 елмен тығыз байланыс орнатқан. Бұл студенттерге қос диплом алу, шетелде тәжірибеден өту, ал оқытушыларға өзге елдердің мамандарымен бірге біліктілікті арттыру мүмкіндігін береді, – деді депутат.
Қазір Қазақстанда 30-дан астам шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істейді. Олардың қатарында өңірлерде орналасқан филиалдар да бар. Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны жыл сайын артып келеді.
– Бүгінгі форумда жоғары білімнің халықаралық жүйелерінің өзара іс-қимылы, жаңа мүмкіндіктер мен бір-бірін қолдау жолдары талқыланды. Қазақстан халықаралық білім беру орталығына айналу бағытында ілгерілеп келеді. Әлемнің кей елдері өзара алшақтап жатса, бізде керісінше – білім мен ғылым арқылы бірігу процесі жүріп жатыр. Қазақстанда барлығы оқуға, үйренуге және үйретуге ұмтылуда, – деп атап өтті Смирнова.
@halyk_partiyasy