ҚХП көтерген түйткілді мәселелер өзге түркі елдерінде де басты назарда

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы фракциясы көтеріп жүрген бірқатар заңнамалық бастамаларға ұқсас ұсыныстар бүгінде басқа мемлекеттерде де белсенді түрде қарастырылуда. Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл үрдіс – ұсынылып отырған мәселелердің өзектілігі посткеңестік елдерге ортақ екенін және оларды шешудегі тәсілдердің әмбебаптығын көрсетеді.

Жуырда Мәжілісте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) делегацияларының қатысуымен ұйымның XIV пленарлық отырысы өтті.

– Біз түркі елдерінен келген әріптестерімізді қарсы алып, бейресми жағдайда пікір алмастық. Мен Әзербайжан Парламентінің (Milli Məclis) делегациясын қарсы алған құрамда болдым, – дейді депутат.

Кездесу барысында Әзербайжанда Алименттік қор құру мәселесі белсенді түрде талқыланып жатқаны белгілі болды. Оның оң шешілу мүмкіндігі жоғары екені де айтылды. Бұл – қоғамда үлкен әлеуметтік өзектілікке ие мәселе. Себебі ол – тікелей балалардың тағдырына қатысты.

– Мен бұл мәселені елімізде ұзақ жылдан бері көтеріп келемін. Өкінішке қарай, әзірге нақты нәтиже жоқ. Үкімет әр жолы түрлі сылтау айтып, кейінге ысыра береді. Алайда өзге елдерде де дәл осы бастама ұсынылуы – бұл әдістің тиімді және шынайы шешім екенін көрсетеді, – деді Магеррам Магеррамов.

Депутат атап өткен тағы бір маңызды мәселе – кибералаяқтықпен күрес.

– Жуырда маған бір бейнеролик келіп түсті. Онда ірі форумда сөйлеген спикер банктен несие алу процесіне «келісім презумпциясы» емес, «келіспеу презумпциясын» енгізу туралы бастама көтерді. Ол кісінің сөзін тыңдасам, біздің фракция атынан бірнеше рет айтқан ұсынысымды тура сол күйі қайталап отыр екен. Бұл – қазіргі таңда азаматтарды алаяқтардан қорғаудың ең тиімді жолы, – дейді депутат.

Магеррамовтың айтуынша, ҚХП көтеріп жүрген бастамалардың барлығы халықтың күнделікті өміріне, тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.

– Алайда, өкінішке қарай, Үкімет бұл бастамаларды не түсінгісі келмейді, не қабылдауға дайын емес, – деп қынжылысын білдірді Магеррам Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy