
Мәжіліс күзет қызметіне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат жеке күзет ұйымдары мен қару иелеріне мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Азаматтық әрі қызметтік ойық ұңғымалы қару иелері қаруды бақылау үшін міндетті түрде сынамалық оқ атуға тапсыруы тиіс болады. Сондай-ақ күзет фирмаларынан міндетті есептілік талап етіледі.
Жаңа ережелердің мазмұнымен парламенттік отырыста ҚХП фракциясының жетекшісі, сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов таныстырды. Оның айтуынша, құжат күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің құқығын, қару айналымына қойылатын талаптарды, мемлекеттік оқ-дәрі қоймасын қалыптастыру тәртібін нақтылайды. Сонымен қатар азаматтық және қызметтік ойық ұңғымалы қаруды бақылау шаралары енгізіледі. Жеке күзет ұйымдары қызметін тоқтатқанда, қайта бастағанда немесе өзге өңірде қызмет көрсеткен жағдайда мұны 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауы тиіс. Қарапайым күзетші лауазымын атқаратын қызметкерлерге қойылатын міндетті талаптар да бекітіледі.
– «Әскери теміржол күзеті» деген жаңа ұғым енгізілмек. Оның негізгі міндеті – транзиттік жүк тасымалдарында қолданылатын терминалдар аумағындағы жүк пен теміржол нысандарын үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету, – деді Магеррамов.
Бұдан бөлек, депутаттың сөзінше, құжат құқық қорғау органдарының, арнайы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіреді.
@halyk_partiyasy