Мәжіліс депутаттары ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізуде. Онлайн құмарлыққа тек арнаулы сайттар ғана емес, қатардағы әлеуметтік желілер де бағынышты халге жеткен.
Жаңа түзетулерде халық арасында ойынға деген тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі нормалар енгізілген. Сонымен қатар, ойыншылардың жас шамасының шектік көрсеткішін 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі адамдардың ойнауына тыйым салу ұсынылады. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Лицензиясыз жұмыс істейтін шетелдік букмекерлік интернет-ресурстардың біздің нарыққа шығатын жолы жабылады. Бұдан басқа, электрондық немесе интернет-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу жоспарлануда.
Егер бұл нормалар қабылданса, онда құқық қорғау органдары оларды орындау бойынша елеулі жұмыс атқаруға тиіс болады. Себебі қазір қазақстандықтар құмар ойындарын «Тикток» әлеуметтік желісінде де ойнай алады. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова көтерді.
– Негізінен қатысушыларға ақшаға, кубикке, онлайн-рулеткаға карточка ойнауды немесе ставка қоюды ұсынады, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты. Төлемдер мен ұтыстарды қабылдау банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады. Осы заңсыз онлайн ойындарды ұйымдастырушылар жазасыз қалып келеді.
Депутат Тиктоктың негізгі пайдаланушылары жастар немесе тіпті балалар екенін ескере отырып, жас ұрпақты құмар ойындардан қорғауды талап етті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі бұл ұсынысты қолдады.
– Мұндай ойындар шынымен де заңға қайшы, себебі ол толығымен алаяқтық, - деп мәлімдеді ол. - Бұл жерде онлайн-платформаның әкімшілігі бізге олармен күресте нақты көмектеседі.
Мұндай ойындармен күресу шын мәнінде қиын екені өз алдына басқа мәселе. Сілтемелерді бұғаттап, жауып тастасаң, сағат сайын жаңалары пайда болады. Көбінесе контент шетелде жасалады, сондықтант да алаяқтық схемалардың авторлары мен бастамашыларын табу мүмкін емес. Бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысып жатыр.
– Комитетте бар техникалық мүмкіндіктер осы ресурстарды жабу үшін қолданылады, - деп хабарлады ведомство өкілі. - Сонымен қатар, жедел жұмыс жүргізілуде. Бірақ, әрине, қарсы тұру үшін тиісті заңнама нормаларын қабылдау қажет.
Ал құжатты әзірлеушілердің бірі, депутат Елнұр Бейсенбаев қазақстандықтарға мұндай «Тиктоктағы ойындарды» ұйымдастырғандар ауыр қылмыстық жазаға тартылатынын еске салды.
– Бұған тыйым салынған! - деп мәлімдеді мәжілісмен. – Бұл бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ орасан көп айыппұл қарастырылған. Тиктокта отырған осы карта ойнаушылардың барлығы өз қызметінің заңсыз екенін түсінулері керек.