Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қазақстан Халық партиясы «Еңбек адамы» акциясын өткізуде. Бұл бастама жастарға кәсіби бағдар беруге бағытталған. Өз ісінде табысқа жеткен мамандар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, еңбек етудің абыройлы қызмет екенін өз өмірлік тәжірибесімен дәлелдеуде.
ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы И. Дәуітов атындағы Қызмет көрсету колледжінде жоғары санатты технолог, «SENS FASHION» ЖШС тігін кәсіпорны басшысының орынбасары Виктория Сокиркомен кездесу ұйымдастырды. Студенттер тігін мамандығының қыр-сыры, өндіріс технологиясы, сондай-ақ саланың қазіргі тенденциялары мен өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, «Тігінші-модельер» мамандығы қызу талқыланды. Қонақ өзінің кәсіби тәжірибесіндегі құнды кеңестерін бөлісті.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов студенттермен «Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбында әңгіме жүргізіп, Киров атындағы зауыт, металл құрылымдар зауыты және құрылыс саласында еңбек еткен ардагерлердің ерен еңбегін мысал ретінде келтірді. Ол жастарды өз мамандығын сеніммен таңдап, кәсіби жетістікке ұмтылуға шақырды.
Абай облыстық филиалы Семей қаласындағы Геодезия, картография және құрылыс колледжінің «Дәнекерлеуші» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Осы колледждің түлегі, 40 жыл бойы электр дәнекерлеуші болып еңбек еткен Тимур Амирханов өзінің кәсіби жолын, бұл мамандықтың қиындықтары мен қызықты тұстарын баяндады. Кездесу соңында колледж басшылығына алғыс хат табысталды.
Қызылорда облыстық филиалы И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда жоғары политехникалық колледжінде мамандармен кездесу өткізді. Бұл шараға студенттермен қатар, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Даулетбек Әбдірасылов және «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Қызылорда филиалының техникалық бөлім басшысы Жұлдызбай Мұсаев қатысты.
– Қонақтар білікті мамандарға сұраныстың жоғары екенін және жұмысшы мамандықтарының ел дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті, – деді шараға қатысушылар.
И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда жоғары политехникалық колледжі энергетика, құрылыс, көлік, теміржол және ауыл шаруашылығы салалары бойынша 34 мамандықтың орта буын мамандарын даярлайды.
Ал Ақтөбе облысында өткен кездесуге жергілікті филиал төрағасының орынбасары Марат Нұркеев арнайы шақырылды. Энергетика саласында 50 жылдық тәжірибесі бар ардагер маман жастарға өзінің кәсіби жолы туралы баяндап, құнды кеңестер берді.