«Зағип және нашар көретіндерге арналған Оқу-өндірістік кәсіпорынның (ОӨК) орнында мектеп салуға болмайды». Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттарына Павлодар облысының прокуратурасы осындай жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚХП депутаттары Ертістегі бірегей, еліміздегі жалғыз су көлігі кеме жөндеу зауытын қорғап қалған болатын. Павлодар облысы әкімдігінің ойынша, кәсіпорынды бұзып, оның орнына «Жайлы мектеп» жобасы аясында оқу орнын салу жоспарланған еді. Зауыт өз орнында сақталып қалды, прокуратура органдары биліктің заңсыз әрекеттерінің жолын кесті.
Енді жоғарыда аталған мектепті салу үшін павлодарлық шенеуніктер «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ («ҚСҚ» ҚБ) тиесілі зағиптар мен нашар көретіндерге арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының аумағынан «құрбандыққа шалынатын» жер телімін тапты.
- Сонымен қатар, облыс әкімдігі ОӨК-ның жай ғана аумақ емес, бұл мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктеріне бейімделген ұйымдардың тұтас кешені екеніне мән бермей, елемей отыр! - деп өзінің депутаттық сауалында ҚХП-дан сайланған депутат Ирина Смирнова ашуланып атап өтті.
Мәжіліс детутаты өз әріптесі, ҚХП-дан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжанмен бірге әкімдіктің әрекетінің үстінен облыстық прокуратураға шағымданды. Өз тарапынан прокуратура әкімдік атына ұсыныс жасап, онда жер учаскесін иеліктен шығару туралы қаулының және құрылыс жобасының күшін жоюды ұсынды.
«... Павлодар қаласының Бас жоспарына сәйкес» ҚСҚ ҚБ аумағы өнеркәсіптік (өндірістік) аймақ болып табылады, ол өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерін, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басқа да өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін орналастыруға арналған», - деп жауап берді облыс прокуроры Берік Жүйріктаев. - Демек, аталған аумақта білім беру объектілерін салуға жол берілмейді... "
ҚХП депутаттары мәселені алдағы уақытта да жеке бақылауда ұстайтындықтарын мәлімдеді.