ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар өткен аптада Павлодар облысына барды. Бұл АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб қызметінің аясындағы жұмыс сапары болды. Сапар барысында сайлаушылармен бірнеше кездесу өткізіліп, отандық атом энергетикасының болашағы туралы талқылаулар мен үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылды және ақпараттық буклеттер таратылды.
Ислам Сұңқар депутаттық корпустағы әріптестерімен бірге барған өңірлік сапары танымдық сипатта өткенін айтты.
«Біздің мақсатымыз – азаматтар арасында референдумның маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу», - деді ол.
Мәжілісмендер барлығы 15 елді мекенге барып, Павлодар, Шарбақты, Ақтоғай, Тереңкөл, Железин, Аққулы және Баянауыл аудандарына ат басын тіреп, үгіт-насихат жүргізді. Парламентшілер 20-дан астам кездесу ұйымдастырып, 1000-нан астам адамды қамтыды.
Павлодарда Ислам Сұңқар облыстық дарынды балаларға арналған Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-интернатының оқушылары үшін TEDx форматында іс-шара өткізді.
– Қысқаша кіріспеден кейін студенттердің сұрақтарына жауап бердім, - деді мәжілісмен.
Сонымен қатар, депутат партияның YouTube арнасы мен жергілікті «Ертіс» облыстық телеарнасына сұхбат берді.