Қазақстан Халық партиясы еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылардың қандай жағдайда оқитынын тексереді. Соған орай партиялықтар "Қауіпсіз мектеп" атты жаңа акциясын бастайды. Акция аясында партия мүшелері мамандармен бірге білім беру ошақтарына барып, олардың жай-күйі мен оқу жылының басталуына дайындығына мониторинг жүргізбек.
Осы акцияның шеңберінде ҚХП Абай облыстық филиалының төрағасы Айдын Егеубаев өзінің орынбасары Кан Кенеспаевпен бірге Семей қаласындағы №48 және №21 орта мектептерге барды. Партиялықтар мекеме директорларымен кездесіп, мектептердің оқу жылына қаншалықты дайын екенін тексерді.
ҚХП Түркістан облыстық филиалының басшысы Зухра Қамбарова да әріптестерімен бірге Хамза атындағы № 2, Мұстафа Шоқай атындағы № 24, Жұмабек Тәшенов атындағы № 23, Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта білім беретін мектептерге, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияға барып, тексеріс жүргізді.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында біз ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен таныстық. Сондай-ақ олардың басшылығымен оқушылардың қауіпсіздігі, мұғалімдер арасындағы кадр тапшылығы және жалпы мектептің тыныс-тіршілігі жөніндегі мәселелерді талқыладық, – деді З.Қамбарова.
Ал Жетісу облысындағы ҚХП филиалы Еркін ауылдық округіндегі мектептердің дайындығына мониторинг жүргізді. Олар №11 және № 26 орта мектептер. Тексеру кезінде әкімшілік тарапынан жаңа оқу жылы басталғанға дейін шешілуі тиіс бірқатар мәселе анықталды.
– Біз үшін балалардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуы өте маңызды, - деп атап өтті партиялықтар.