Сейсмикалық карта қауіпсіз құрылысқа кепіл бола ала ма?

dep.jpg

Жаңа Құрылыс кодексі жобасында елді мекендерді жоспарлау кезінде сейсмикалық микроаудандастыру карталарын міндетті түрде пайдалану талап етіледі. Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұл жаңалық қалалардың бас жоспарын жасауда қауіпсіз әрі ғылыми негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, табиғи апаттар салдарынан болатын шығынның алдын алуға бағытталған.

Министр Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, мұндай карталар тек жер сілкінісі қаупінің деңгейін ғана емес, сонымен қатар жер қабатының ерекшеліктері мен гидрогеологиялық жағдайларды да көрсетеді.

– Бұл тәсіл тәуекел бар аймақтарда да құрылыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бірақ іргетасты күшейту немесе сейсмологиялық қорғаныс жүйелерін орнату сияқты арнайы инженерлік шешімдерді қолдану қажет, – деп атап өтті министр.

Бұған дейін дәл осындай ұсынысты Үкіметке ҚХП фракциясының депутаттары да жолдаған еді. Мәжілісмен Ислам Сұңқар өз сауалында қалалардың географиялық ерекшеліктерін ескермей жүргізіліп жатқан ретсіз құрылыс халықтың өміріне қауіп төндіретінін атап өткен.

Сол кезде ол Алматы қаласын мысалға келтірді. Онда көпқабатты тұрғын үйлердің кейбірі тектоникалық жарықтардың үстінде бой көтеріп жатыр.

– Мұндай аймақтарда жер сілкінісі кезінде топырақтың тербеліс күші 1–2 баллға артып, ғимараттардың орны толмас зақым алуына әкелуі мүмкін, – деген еді Ислам Сұңқар.

Депутаттар сол кезде Үкіметке құрылысқа рұқсат беру тәртібін қайта қарауды және сейсмикалық қауіпті аумақтардың ерекшеліктерін ескере отырып, құрылыс нормалары мен стандарттарын жаңартуды ұсынған болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy