Қоғамдық қауіпсіздікке кешенді көзқарас

dep.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заң жобасы Мәжілісте таныстырылды. Бұл құжатты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жетекшілік етеді.

Заң жобасы жайлы ақпаратты Мәжіліс депутаттарына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха таныстырды.

– Бүгінгі күні қоғамда жаңа сын-қатерлер туындауда. Оларға қарсы тиімді әрекет ету үшін қолданыстағы профилактикалық жүйені жетілдіру қажет. Дегенмен, жұмыс істеп тұрған тетіктерді сақтауға тырыстық, – деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлі айқындалып, нақты өкілеттіктері бекітілген. Барлық деңгейдегі әкімдер әлеуметтік осал топтармен, жастармен, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жүргізіп, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерте кірісу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Уәкілетті құрылымдардың жауапкершілік саласы нақты көрсетілген.

– Денсаулық сақтау органдары – алкоголизм, нашақорлық, лудомания секілді мәселелерге психикалық денсаулық тұрғысынан жауапты. Білім беру органдары – балалардың құқығын қорғауға, ішкі істер органдары – құқық бұзушыларды анықтап, жауапқа тартуға, ал әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмыспен қамту органдары – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге жауапты, – деді вице-министр.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, құжат ведомствоаралық және ғылыми негізделген тұрақты алдын алу жүйесін қалыптастырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға, қылмыс деңгейін төмендетуге және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді арттыруға ықпал етеді.

Депутат Магеррам Магеррамов бұл заң жобасының өте қажет әрі күрделі екенін атап өтті.

– Бес түрлі заңды біріктіріп, бір заңға айналдырғалы отырмыз! Бұл өте ауқымды жұмыс, – деді ол.

Жұмыс тобы құрылып, алдағы аптадан бастап заң жобасын жан-жақты қарастыру басталады. Магеррамовтың айтуынша, құжатқа көптеген ұсыныстар мен түзетулер түсіп жатыр. Заң жобасында құқықбұзушылықтардың алдын алуда мемлекеттік органдардың рөлін кеңейту, қоғамдық ұйымдарды және қарапайым азаматтарды да бұл іске белсенді түрде тарту мәселесі қарастырылған.

– Жұмыс тобының жетекшісі ретінде мен құқық бұзушылықтардың ерте алдын алу тетіктерін енгізуді ұсынатын боламын. Бұл тек құқық бұзушылықтың емес, болашақта орын алуы мүмкін қылмыстың да алдын алуға көмектеседі. Бұл – өте маңызды, - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy