ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова сайлаушылармен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары барысында «Сенім» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі мен «Алатау» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ММ-де болды. Аталған шараларға ҚХП Алматы қалалық филиалының белсенділері, Алматы қалалық прокуратурасының қызметкерлері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.
Кездесулер барысында әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру және көрсету мәселелері, сондай-ақ қоғамның осал топтары өкілдері үшін жағдайды жақсарту шаралары талқыланды. Депутат мекемелердің қазіргі қызметімен танысып, қызметкерлер мен келушілердің ұсыныстарын тыңдап, әлеуметтік қолдауды одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.
«Бұл сапар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту стратегиясын жүзеге асырудағы тағы бір қадам болды. Сондай-ақ бұл мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы нақты нәтиже беретінін көрсетті», - дейді Смирнова.
Жиындарда партия мүшелері мен қоғам белсенділері қоғамдық ұйымдардың жабдықталу деңгейі жақсы екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ «Сенім» және «Алатау» орталықтарының қызметтеріне жүгінген азаматтармен әңгімелесті. Олардың тарапынан еш шағым болған жоқ.
– Алматы қаласындағы «Жанұя» арнайы білім беру орталығы педагогтерінің ҚХП-ға жүгінген соң психикалық және зияткерлік ерекшелігі бар адамдарға қолдау көрсету, оларды оқыту, емдеу, әрекет қабілеттілігін анықтау қалай жүзеге асырылып жатқанына байланысты мәселе туындаған еді. Олар оқу орнынан әлеуметтік мекемеге ауыстырылған бұрынғы шәкірттерінің тағдырына алаңдаушылық танытты, - деп атап өтті депутат.
Осы мәселе бойынша Ирина Смирнова ҚР Бас прокуратурасына депутаттық сауал жолдады. Қазіргі уақытта балаларды бір мекемеден екінші мекемеге ауыстырудың және оларға әрекетке қабілетсіз мәртебесін берудің қаншалықты заңды екені тексерілуде. Сонымен қатар мұндай азаматтардың мүлік мәселесі де ашық күйінде қалып отыр.