Қордайдағы мектептерді жөндеу қажет

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова Жамбыл облысы Қордай ауданының сайлаушыларымен кездесті.

Жергілікті тұрғындар мектептердің күрделі жөндеуден өтпегеніне жылдардың жүзі болғанына шағымданды. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында салынған мектептер бірде бір рет жөнделмеген. Мектептердің басым көпшілігі көмірмен жылытылады. Мұндағы жиһаздың да сиқы жоқ. Ол кеңес заманынан мұра болып қалған.

– Кездесуге алғашқы түлектер арнайы келді, – деді И. Смирнова. – Олардың шашын қырау шалған. Міне, осы кісілер маған өздері оқыған парталарды көрсетті.

Әкімдіктің мәліметінше, мектептер жөнделеді. Тек қазір емес, 2025-2026 жылдарға қарай.

Депутат мектептерді жөндеу мерзімін шегеру қажет екенін мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін ҚХП Бәйтерек ауылындағы «контейнер мектептің» (Мектеп ғимаратының бір бөлігі металл контейнерден жасақталған болатын) жөнделуіне ықпал еткен еді. Қазір ауылда жаңа мектеп салынып жатыр. Ал демеушілер мектепке жиһаз сатып әперді. – Біздің бастамамыз аяқсыз қалмайды! – деді депутат.

Ауыл тұрғындары су инфрақұрылымының тозуымен де бетпе бет келіп отыр. Партия бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордай ауданының 11 ауылында сумен қамтамасыз ету жүйесінің ЖСҚ дайындалып, мердігер анықталуда.

Қордайда суармалы су жетіспейді. Бұл аграрлық аймақ үшін өте өзекті мәселе. Ауыл тұрғындары КСРО дәуірінен қалған шөгінділерге толы жергілікті су қоймаларын тазартуға рұқсат сұрап отыр. Су қоймаларын тазарту көктемгі қарғын судан су қорын жинауға мүмкіндік береді.

Депутат осы мәселені бақылауға алатынын жариялады.

– Азаматтарда дайын жоба бар, – деді И. Смирнова. – Олар су тапшылығын болдырмаудың нақты шешімін ұсынып отыр. Ауданда медициналық көмек те қолжетімсіз. Қордай ауданында 156 мың тұрғын қоныстанған. Аудандық аурухана 1954 жылы бой көтерген. Тозығы жеткен аурухана азаматтарды тиісті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге қауқарсыз.

– Тек Масаншы ауылында жылына 800 бала дүниеге келеді, – деді мәжілісмен. – Мұнда перзентхана жоқ. Босанатын әйелдер аудан орталығына баруға мәжбүр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy