«Халық аманаты» партиялық жобасы аясында және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар топтамасы шеңберінде Қазақстан Халық партиясы осы санаттағы балаларға бейімделу және оңалту қызметтерін көрсететін ұйымдарда партиялық бақылау жүргізуде. Партия өкілдері арнайы орталықтар мен медицианалық кабинеттерге барып, олардың қызметкерлерімен және балалардың ата-аналарымен кездесіп, бар проблемаларды анықтап, оларды шешуге атсалысуда.
ҚХП-ның Қостанай облыстық филиалының өкілдері бірқатар психологиялық-педагогикалық түзету орталықтарының жұмысын бақылаудан өткізді. Солардың бірі – «Сенім» орталығы. Бұл орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта мұнда түрлі диагнозы бар 11 бала білім алып жатыр, олармен тұрақты түрде 5 педагог-тәрбиеші жұмыс істейді. Балаларға жеке сабақ өткізуге қолайлы жағдай жасалған, сондай-ақ дене оңалтуына арналған жаттығу құрылғыларымен жабдықталған спорт залы бар. Алайда мониторинг барысында бірқатар мәселе анықталды: мамандандырылған кадрлардың (дефектолог, психолог) жетіспеушілігі, кадр тұрақсыздығы және қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Бақылау қорытындысы бойынша партия өкілдері бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Сонымен қатар, бақылаушылар «Аманат&К» орталығына да барды. Мұнда 90-ға жуық бала білім алып, оңалтудан өтуде. Ұйым жан-жақты қызмет көрсетеді: логопед, дефектолог, психолог, сенсорлық интеграция, АФК мен ЛФК, арт-терапия, эрготерапия, дамыту топтары, мектепалды даярлық, ата-аналарға арналған курстар және тағы басқа бағыттар қамтылған. Алайда орталықтың да шынайы көмекке мұқтаж екені белгілі болды.
– Жоғары сапалы жұмыс пен жақсы жабдықталуына қарамастан, орталық ғимаратты жалдап отыр. Бұл өз кезегінде шығынды арттырады. Команданың жоспары ауқымды: жаңа сыныптар ашу, кәсіби бағдар мен ерекше балаларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу. Орталыққа – мемлекет, қоғам және әрқайсымыз тарапынан қолдау қажет, – деді партия өкілдері.
ҚХП-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қоғамдық бақылау ұйымдастырды. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестері ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары арасында сауалнама жүргізіп, бірқатар профильдік мекемеге барды. Олардың қатарында АСБ диагнозы бар балаларға арналған «Асыл Мирас» қолдау орталығы, №1 және №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, «Көмек» тренинг орталығы және тағы басқалар бар. Партиялықтардың жоспарына Қызылжар ауданындағы арнайы мектеп-интернат пен «Үміт» мүгедектігі бар жандар қоғамына бару енген.
– Біздің жоба – жүйелі тәсіл мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру сапасын шын мәнінде жақсартуға деген ұмтылыстың көрінісі. Себебі әрбір бала – толыққанды даму, білім алу және қоғам өміріне араласу мүмкіндігіне лайық, – деді ҚХП өкілдері.