Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы жаңа Салық кодексіне күмәнмен қарап отыр. Осы мәселеге қатысты әріптестерінің ұстанымын фракция жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов баяндады.
Мәжіліс депутаты жаңа Салық кодексінің қабылдануының маңызын атап өтіп, ол елдегі салық саясатының үйлесімді, икемді және тиімді болуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Алайда Үкімет әзірлеген құжат бұл міндетті орындай ала ма, жоқ па әзірге белгісіз.
– Жобада салық органдарына салықтық әкімшілендірудің ең маңызды міндеттерінің бірі – салықтардың толық әрі уақытылы жиналуын қамтамасыз ету функциясы жүктелмеген. ҚХП фракциясы тек бақылау мен жазалау шаралары және салық жинаумен шектелмей, уәкілетті органға алдын алу бағытындағы міндеттер де жүктелуі тиіс деп санайды. Бұл азаматтарға мемлекетті тек бақылаушы ретінде қабылдамай, серіктестікті сезінуге мүмкіндік береді, - дейді депутат.
Магеррамов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке табыс салығы үшін прогрессивті шкала енгізу жөніндегі тапсырмасы жаңа Кодексте тиісті деңгейде қарастырылмағанын атап өтті. Сонымен қатар, салық мәселелері бойынша Консультациялық кеңестің функцияларын Методологиялық кеңеске жүктеу ұсынысын да сынға алды.
– Бұл – Үкіметтің өз тікелей міндеттемелерін өзге органға ысырып, жауапкершіліктен жалтаруы деп білеміз. Мұндай кеңестер тек бюрократиялық аппараттың кеңеюіне себеп болады, – деді ол.
Фракция сонымен қатар салық органдарымен болған дауларды әкімшілік соттың қарауынан шығару бастамасына да қарсы екенін білдірді.
– Салық органдары қатысқан істер бойынша сот шешімдерінің статистикасы – бұл даулардың әкімшілік әділет аясында әділ әрі тиімді қаралып жатқанын көрсетеді. Ал азаматтық сот ісін жүргізудің қағидаттары арқылы бұл мақсаттарға толықтай қол жеткізу мүмкін емес, - деп нақтылады депутат.
Сөз соңында депутат ҚХП фракциясының ұстанымын ескеруді сұрады.