Жалақыны есептеудің жаңа әдісі енгізілмек

dep.jpg

Мәжіліс Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын – дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) белгілеу туралы Конвенцияны ратификациялау мәселесін қарай бастады. Бұл құжат бойынша қорытындыны әлеуметтік-мәдени даму комитеті әзірлеуде.

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Қазақстан заңнамасы аталмыш Конвенция талаптарына толық сәйкес келеді.

– Конвенцияны ратификациялау елімізде ең төменгі жалақыны белгілеу ісінде халықаралық стандарттарды енгізуге жол ашады. Сонымен қатар бұл Қазақстанның халықаралық нормаларды сақтауға және орындауға бейілді екенін көрсетеді, - деді ол.

ҚХП фракциясы VII шақырылым басталғалы бері бұл Конвенцияны ратификациялау қажеттігін бірнеше рет көтеріп, Үкіметке ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау туралы ұсыныс жасаған. Бұл – жалақыны негізсіз төмендететін жұмыс берушілерден қызметкерлердің құқығын қорғап, «жұмыс істейтін кедейлік» мәселесін шешуге ықпал етуі тиіс еді. Өйткені Қазақстанда ең төменгі жалақы ұзақ уақыт бойы күнкөріс минимумына тең болып келді және нақты есептеу әдістемесінің жоқтығынан елдегі медианды жалақыдан едәуір төмен деңгейде қалыптасты.

– Конвенцияға сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау кезінде жұмысшының ғана емес, оның отбасы мүшелерінің де қажеттіліктері ескерілуі тиіс. Сондай-ақ елдегі жалпы жалақы деңгейі, өмір сүру құны, әлеуметтік төлемдер мен басқа әлеуметтік топтардың тұрмыс деңгейі де есепке алынуы қажет, – деп мәлімдеді ҚХП депутаттары.

Айта кетейік, бұл талаптар бұған дейін ҚХП-ның сайлауалды бағдарламасына да енгізілген.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy