Педагогикалық жоғары оқу орындарына студенттерді «қалдық» принципімен қабылдау тәжірибесін тоқтату қажет. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова айтты.
Сәрсенбі күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мұғалім – ұлт сапасын қалыптастыратын шешуші тұлға» деген сөзін мысалға келтіре отырып, қазіргі уақытта болашақ ұстаздарға қойылатын талаптардың төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық тантты.
– Өкінішке қарай, бүгінде педагог мамандығына түсуге қойылатын талаптардың әлсіреп бара жатқаны байқалады, – деді Смирнова.
Мәселен, 2024–2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарының иегерлері тізімінде «Педагогика және психология» мамандығына қабылданғандардың ең төменгі ұпайы небәрі 81 балл болған. Ал «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына – 75 балл. Бұған дейін бұл мамандықтарға түсу шегі тиісінше 89 және 75 баллды құраған. Салыстырар болсақ, «Құқықтану», «Заң», «Журналистика және репортерлік іс» сияқты сұранысқа ие мамандықтарға бөлінген гранттарға өткендердің ұпайы 115 баллдан басталған.
– Болашақ педагог – балаларға білім мен тәрбие беретін адам. Сондықтан бұл мамандыққа грант үшін таңдағандар емес, жүрек қалауымен келетін жастар ғана түсуі керек, – деді депутат.
Смирнованың айтуынша, мемлекет қазір болашақ мұғалімдер үшін қажетті жағдай жасап отыр: студенттерге жоғары шәкіртақы, мұғалімдерге лайықты жалақы қарастырылған.
– Яғни, мотивациялық қолдау бар. Енді талапкерлерді қабылдау кезінде де талап күшеюі керек, – деді ол.
Осы ретте Қазақстан Халық партиясы педагогикалық мамандықтарға бөлінетін гранттарға бірыңғай ең төменгі балл белгілеуді ұсынды. Бұл бастама шынымен де мұғалім болуға ынталы, білімді жастарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар партия үздік түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған арнайы тетік енгізуді де қажет деп санайды.