Қазақстан Халық партиясы «Мәдени мұра» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған мерейтойлық іс-шараларды жалғастыруда.
Маңғыстау облыстық филиалы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ерлік – елдің мұрасы, ұрпаққа – ұран» атты жастарға арналған әскери-патриоттық байқау ұйымдастырды. Шараға өңірдегі бес колледждің студенттері мен Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. Қатысушылар «Үздік автомат жинаушы», «Үздік мерген», «Үздік жүгіруші» сияқты номинациялар бойынша бақ сынады. Жеңімпаздар арнайы марапатталып, жастарды дайындаған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.
Қызылорда облыстық филиалы «Жас сарбаз» ҚРҚ жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы өкілдерімен бірлесіп, мерейтойлық даталарға орай спорттық эстафета ұйымдастырды. Эстафета бірнеше кезеңнен тұрды. Жеңімпаздар арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
– Біздің іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, жасөспірімдердің спорттық әрі әскери-қолданбалы дағдыларын дамыту, сондай-ақ олардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыру, – деді ұйымдастырушылар.
Ал Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы әскери-патриоттық бағыттағы викторина өткізді. Оған мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың жас өкілдері қатысты.